Шымкенттің тәртіп сақшылары Қызылорда облысынан келген 21 жастағы қалта ұрысын қолға түсірді. Шымкент ҚІІБ Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру барысында Қызылорда облысынан келген 21 жастағы азаматты құрықтады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

00000

Жас жігіт қала тұрғындарының қол сөмкелерінен және қалтасынан ақша ұрлаған. Күдікті азамат адамдардың назары басқа жаққа ауып тұрған кезін пайдаланып, өз ісін жүзеге асырып отырған.

Ағымдағы жылдың 17-қыркүйегінде тәртіп сақшыларына 48 жастағы азаматша шағымданады. Күдікті азамат дүкенге зат алу мақсатында кірген әйелдің сөмкесінен 19 мың теңгесін жымқырып кеткен.

5-қазан күні күндізгі уақытта қаладағы базарлардың бірінде 23 жастағы жүргізуші өзінің автокөлігін жөндеп жатқанда күдікті оның шалбарының қалтасынан 18 мың теңгесін ұрлап кеткен.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың 12 қалта ұрлығына қатысты екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі жарты миллионға жуық теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдікті азаматтың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 175-бабы, «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда жатыр.