– Оңтүстіктің шынайы шежіресін қалыптастыруға өзіндік үлесін қосып келе жатқан басылымның торқалы тойы тағы да құтты болсын! Басылымның бастауында қазақтың ірі тұлғалары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов тұрғаны белгілі. Рысқұловтанушылар мен қожановтанушылардың пікірі кейде бір қазанда піспей жатады. Ал, сіз қандай баға бересіз?
– Осы сауал елдің ертеңін ойлаған жұрттың бәрін қатты елеңдетеді. Екі арысты бір-біріне қарсы қойғандардың кімдер екендігіне үңіле бастасаң, қылышынан қан сорғалаған Кеңес үкіметінің сұрқия бейнесі менмұндалап шыға келеді. Ал, түп төркіні қазақ сияқты кіші халықтарды «бөліп ал да, билей бер» Патшалық Ресейдің империялық залым саясатында. Кеңес үкіметінің тонын жамылушылар сол соқпақты күре жолға айналдырғандар. Жасыратын не бір, Грузия мен Украинаның тұтастығына қол салған Ресейдің бүгінгі билігі құлқынын не тесіп бара жатқанын Жансая, өзің де аңғарарсың. Өз құдығына түкірген Жириновский сияқты әпербақан, Ресей Думасы төрағасының орынбасары, былай айтқанда ресми билік өкілінің «Украинадан соң Қазақстанды басып аламыз» деп көкуінің астарында не бар?
Рысқұлов пен Қожановтар қан құсып тұрған заманда өмір сүрді. Әр күні өмір мен өлімнің ортасында өтті. Пендешіліктері, қызмет үшін таласқандары бар шығар, бірақ кешегі қызыл коммунист пен ұлтшыл алашордашыны бір мақсат, бір мүдде біріктіретін.
Олар басы Әлихан Бөкейханов болып қазақтың ешкімге тәуелсіз мемлекет болуын армандады. Сол мақсатқа қалтқысыз қызмет етті. Түрік әлемі бір тудың астында болуын армандап, бірігудің, зорлықшыға қарсы тұрудың амалдарын іздеді. Қытайды бағындырып іргеде жатқан Жапон мемлекетімен, түбін қуаласаң туысқан болатын ел басшыларымен келіссөз жүргізуге тырысты. Түркістанды басқарып тұрған Тұрар Рысқұлов 1920 жылы «қазаққа газет керек» дегенде таңдауы Сұлтанбек Қожановқа түсті. Қожанов дегеніңіз — өте ірі адам. Орынбордан қазақ астанасын Ақмешітке көшіріп әкелген жайсаң. Қырғыз-қайсақ емес, қазақ атауын қайтаруға еңбек сіңірген. Әлихан, Ахмет, Әлімхан сияқты ерлермен бірге Ленин алдында мәселе қойып, қазақ шекарасын белгілеуге қатысқан қайраткер. Ленин қатты бағалаған, Сталин өлердей сескенген. Сталин «даланың Шыңғысханы» деп кекеткенде «грузиннің князы» деп жерге ұрған бабаң.
Қайсыбірін айтайын. Ал, Рысқұлов сол уақыттағы қазақ оқығандары арасында Ресей билігінде ең ірі мансапқа жеткен кісі.
Түркістанда ұлт мәселесінде Кремльдің қолшоқпары Фрунзеге есе бермегеннен кейін Ресейге әкеткен.
Өз халқының шынайы патриоты болғаны үшін осы екі мықты қазақты Сталин қызмет бермей сандалтты. Қазақстанның егемендігі жолында күресті тоқтатпағаны үшін қорлаудың барлық шегіне жеткізді. Сондықтан, бүгінгі пасық әңгіме қазаққа керегі жоқ. Көбесіне ине тықсаң, әке-шешесін бауырларымен қоса сатып жіберетін бүгінгі батырсымақтардың елбұзар пікірі ұлттың сөзі емес. Қазақ ұлттық мұраттан айнымаған кешегі аға буынының пенделігінен емес, ірілігінен ғибрат алуы керек.
Тұлғаларын қадірлей алмаған, мәйегін бойына сіңіре алмаған, жас өркеннің бойына отаншылдық сезім дәнін еге алмаған ұлттың ертеңі қиын. Рысқұлов пен Қожанов сөз болғанда біз олардың пенделік әлсіздігінен емес, ұлттық мұраттан айнымайтын қайраткерліктерінен ғибрат алуымыз керек.
– Әлі есімізде басылымның 85 жылдығында жас ақын-жазушылардың республикалық форумы өтіп, талай талантты жас танылған еді. 90 жылдық мерейтой аясында қандай іс-шаралар өткізілмек?
– Газеттің 85 жылдығы өз мәнінде өтті. Ірі шаралар қолға алынды. Менің газетке басшы болып келгеніме екі жылдан енді асты. Бір шаруа тындырсақ газет қызметкерлерінің күшімен жеттік. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Газетте талай жайсаң азаматтар қызмет етіп, өмірден өтті. Соңғылары – Ильичбек Мұртазаев пен Анар Аспан. Екеуінің кітабына да демеуші тауып беріп, кітаптарын шығардық. Құран оқыттық.
Анар Аспан деген талантты қызымыз дүниеден өткенде журналистеріміздің бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай біріге алатындығына көз жетті. Орталарынан қаржы жинап ас берді. Қабірінің басына құлыптас орнатты. Осындай шараны ұйымдастырғаны үшін «Оңтүстік таңы» газетінің бас редакторы Оңғар Тәжиев ақсақалға рахмет айтамыз.
Үмітхан Алтаева деген бөлім меңгерушіміз бас болып, «Отырар» кітапханасына 700-ден астам кітап өткіздік. Кітапхана қызметкерлері «ішінде алтын қорға сақтайтындай кітаптар бар екен» деп разы болды.
Қазақша күрестен дәстүрлі турнирімізді Мақтарал, Сарыағаш аудандарында табысты өткіздік. Халықтық мейрам дәрежесінде өтті. Біздің турнирде үздік болған Ерсұлтанов Жұманазар балуан бірінші рет «Қазақстан барысында» үштікке кірді. Редакция қызметкерлері «бұрын турнир өткіз деп аудандарға жалынар едік, қазір кезекке тұра бастады» деп қуанады.
Ел экономикасының өскені, әкімдеріміздің рухани өсуі, қазақ күресінің патриотизмді нығайтатындығын түсінгендігінен шығар. «Оңтүстік Қазақстанның» ауыспалы кубогі қазір Шардара ауданында.
Қазақ журналистикасының абызы Байдулла Қонысбек ағамыз «ешқандай басылым ардагерлерін «Оңтүстік Қазақстан» газетіндей қадіріне жете алмайды» дейді. Біз үшін үлкен сөз, үлкен абырой. Қарттық ертең өз басыңа да келеді. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген бар емес пе?!
90 жылдыққа іс-шара дегеннен шығады, жақында журналис-тер арасында шағын футболдан республикалық турнир өткіздік. Бірінші орынға 120 мың теңге, екінші орынға 90 мың, ал үшінші орынға 70 мың теңге және тағы басқа ынталандыру сыйлықтарын тағайындадық. Ойын халықаралық стандарттарға негізделген «БИІК» спорт алаңында өтті. Журналистерге үлкен мейрам болды. Санамалай берсек көп қой.
17 қазанда Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың дүниеге келгеніне 120 жыл және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шыға бастағанына 90 жыл құрметіне республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді.
Әрине, бұл шаруа жалғыз редакцияның қолынан келмес еді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов үлкен қолдау көрсетті. Халықаралық конференцияны өз мәнінде өткізуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали бастаған басқарма қызметкерлері еңбек сіңіріп жатыр.
– Ғасырға жуық тарихы бар басылымның 30-шы басшысы екенсіз. Сізге дейін басшылықта болған азаматтардың басқару жүйесін өз тәжірибеңізде қаншалықты қолданасыз?
– Басшы болу – мансап емес, үлкен жауапкершілік. Керемет редактормын, қалғандары әлсіз деген пендешілік ой ешқашан ойымда болған емес. Және мұндай мансапқа кенеттен келген жоқпын. Республикалық басылымдарда бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас директор болып қызмет жасағам. Оның сыртында қазақтың бас газеті «Егемен Қазақстанда» қызметтік тәжірибем бар. Сонда да болса да үйренерім әлі көп. Қызметтестерімнен бұрынғы бас редакторлардың жақсы тәжірибесін сұрап, ыңғайына қарай газет жұмысын да жалғастырамыз. Газет – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Екі жаққа да пайдасы тиетін тәжірибеден қалайша бас тартуға болады?! «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» депті Бәукең. Сондай қалыптың адамымыз.
– Әр мекеменің өзінің ішкі саясаты, тәртібі болатыны белгілі. Ал сіз қызметкерлеріңізден нені талап етесіз?
– Штатта елуден астам қызметкер бар. Талап біреу. Өз кәсібіне адалдығы, кәсіпқойлығы. Қазақ журналистикасында кіріспенің молдығы сынға алынады. Содан нақты жазуға, елге ұғынықты, пайдалы жазуға өтіп жатырмыз. Өзге басылымдарды да талдап, озық жазуға талпыныс бар. Бәсеке бар жерде шеберлік жоғарылайды. Біздің редакцияда қуатты жас толқын өсіп келеді. Сол қуандырады мені. Осалы жоқ. Тапсырманы ойдағыдай орындайды. Ізденгіш. Білімге құштар. Ешқайсысын бөле жармаймын, олар үшін мақтанамыз. Аға буын ауысқанда орнын еш жоқтатпайтын бұл жас-тар – Оңтүстік журналистикасының қазынасы.
– Қазақ журналистикасының болашағын қалай елестетер едіңіз?
– Қазақ журналистикасы әлі де «сен салар да мен салар, атқа шөпті кім салармен» келе жатыр. Толыққанды ұлт болу үшін оның ұлы тұлғаларын халық танып біліп, мақтана алатындай, олардың патриоттық сезімін бойына сіңіре алатындай болу керек. Ал, біз ит мініп, үйрек қамшылап келеміз. Көзі жоқ ұлы композиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың топырағының жылуы кетпей жатып ұры атандырып жібере жаздадық. Мемлекеттік «Хабар» арнасынан айтылды. Көзі тірі Шаханов шырылдамағанда, Шәмшінің бар мұрасын қызғыштай көріп жүрген Қалдыбек Құрманәлі болмағанда Қалдаяқов «ұры» болары кәдік еді. Бұл енді бейшаралық, Оралхан Бөкейше айтсақ, нағыз қоңқайшылдық қой.
Қамсыздығымыз соншама, бертінге дейін өмір сүрген Қажымұқан туралы деректі фильміміз жоқ. Ал, ресейліктер оның замандасы, күрес кілеміндегі әрі өмірдегі досы Иван Поддубный туралы фильм түсіріп, түрік Қажымұқанның мойнын үздіріп қояды.
Қазақтың намыстан жарылар жері осы, шыбын шаққандай әсер етпесе мәңгүртсің.
Қысқартып айтқанда, ұлы тұлғаларының көз-жерін қазбаламай, халқым деп соққан жүректерінің лүпілін білдіре алсаң, ұлттық мұрат асқақтайды. Қазақ журналистикасының болашағы ең алдымен тұлғаларын танып білуіне өте байланысты.
– 12 жылдай Отанымыздың бас газеті атанған «Егемен Қазақстанда» еңбек еттіңіз. Оңтүстіктің тіршілігін елге насихаттадыңыз. Сонымен қатар спорт журналистикасында да өз таңбаңызды қалыптастыра білдіңіз. Сол күндерге деген сағынышты қалай басасыз?
– «Егемен Қазақстанды» тереңдеп оқымайтын оқырман мемлекеттік тапсырыспен ғана жазатын қызықсыз газет деп ойлайды. «Жас Алашта» жұмыс жасап жүргенде осындай күпірлік ой бізде де болған. Ішкі әлеміне енгенде еліміз үшін ең пайдалы газет екеніне көзіміз жетті. Қазақстан деп аталатын халқы аз болса да асқақ армандары бар алып мемлекеттің бар саясаты, бүгіні, ертеңі, болашағы осы газеттен көрінеді. Ұлы державалардың ортасында шынашақтай ел болсақ та ірі отырғанымыз Елбасының дұрыс саясаты, Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік тапсырмаларды орындай алуы, республика өмірі осының бәрі ел газеті «Егеменде» жазылады. Сондығымен қымбат.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінде таралымы 200 мыңнан асып кетті. Мұндай тиражбен ешбір басылым мақтана алмайды. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын осы ата газетті ойы бөтен біреулер болмаса пайдасы жоқ газет деп айта алмайды. Газет – халық өмірінің айнасы. Өзің қисық болсаң, айнаға өкпелеме деген бар ғой.
Өзіме келсем, үлкен мектептен өттім. «Егеменнің арқасында Олимпиада, Азия ойындарында Қазақстан атынан баратын төрт журналистің қатарында болғаным – үлкен мақтаныш. Қыдырбек Рысбекұлы досым «Бақтияр, 10 млн қазақтың ішінде таңдау саған түсті, бұл – Құдайдың нығметі» деді. Әрине, сол күндерді сағынасың.
Айтқандай, Ичхондағы Азия ойындарына маған да аккредитация берілді, өкінішке қарай осындағы жұмыстардан босай алмадым.
– Соңғы сұрақ, торқалы той қарсаңында оқырманға айтар тілегіңіз қандай?
– Мемлекетіміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін, мұратымыз асыл болсын. Жұбан ақын айтқандай «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының көрген қиындықтары артында қалып, өркендеу дәуірі басталып, сапалы ұлт дәрежесіне жетсін. Осыны бәріміз Жаратқаннан тілейікші…
– Әңгімеңізге рахмет!
Жансая ӘДІЛБЕК
«Оңтүстік Рабат», №42, 15.10.2014