Оңтүстікте қарттар күні мерекесін тойлау жалғасып жатыр. Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі бірқатар арагерлер мен мүгедек жандардың үйлерін аралап, сый-тартуын табыстады.
Қалалық әкімдік өкілдері бастаған топ алдымен ардагердің ақ батасын алды. Қонақтар қарияға мерекелік сый-сыяпатын табыстады. Жасы тоқсанның төріне шыққан соғыс ардагері майдан алаңында жүріп, әскери шені капитанға дейін өсті. Елге келісімен, талай жылдар партия комитетінде жауапты қызметтерді атқарды. Облыстық кеңестің депутаттығын да атқарып, 20-ға жуық торқалы медальдармен марапатталған Алтыбай қарияның бүгінгі арманы жалғыз.
Алтыбай Бабаев, ҰОС ардагері: «Еліміздің ертеңі — жастар. Сондықтан, мен жастарға сенемін! Отанымыздың қадіріне жетіп, оны қорғай білсе, Елбасымыздың бастамасымен елеулі еңбектерді атқарса деймін! Ал, жастар, ендеше, біз келесі туды сендерге табыстадық, елдің гүлденуіне үлес қосыңдар!»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Xv59KgWz8ZY[/youtube]
Қалалық әкімдіктің өкілдері бастаған топ Жұманәлі Сыздықовтың үйіне де аялдап, отағасына тұрмыстық техникаларды тарту етті. Жұманәлі осыдан 12 жыл бұрын қайғылы жағдайдан 1-топтың мүгедегі атанған. Жан бағу үшін ешкімге алақан жайып, қайыр сұрамады. Зағип болғанымен, көкірегі ояу азамат аяқтан тұрып, қолдан келген шаруаны атқарды. Соңынан шаңырақ көтерді. Бүгінде 3 баланың әкесі атанған Жұманәлі үйде жалғыз жәрдемақының бетіне қарап отырған жоқ.
Жұманәлі Сыздықов: «Жиһаз жасаймын, терезелер жөндеймін, желдеткіштерді де жөндей беремін. Автокөліктерді де реттеймін. Қолымнан келген шаруалардың бәрін атқара беремін. Ешқашан кім маған нан әкеліп береді деп қарап отырған емеспін. Аллаға шүкір жағдайым жаман емес.»
Қазыналы қарттарға құрмет көрсеткен әкімдік мамандарының айтуынша, шарапаты мол шара жалғасын табады. Бірақ шаһар басшылығын қаламыздағы тәрбиеге салғырт қарайтын отбасылардың жағдайы алаңдатып отыр.
Баһадүр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: «Соңғы кездері жоғалып бара жатқан сияқтымыз, қарттар үйіне барсаңыздар, қаракөз аталарымыздың, әжелеріміздің саны күн санап артып бара жатыр. Бұл үлкен проблема деп ойлаймын, сондықтан қазір анасын, атасын, әжесін құрметтемеген азаматтар, өзінің ұрпағын дұрыс тәрбиелейді дегенге сенбеймін. Отбасы — мемлекет тірегі, отбасы мықты болса, мемлекет мықты болады.»