Әкімшілік сотқа жеті мың шымкенттік шағымданған

265

Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотқа шағымданатындардың қатары артып отыр. Биылғы тоғыз айдың өзінде 7 мыңнан аса іс келіп түссе, соның 6500-і қаралып, шешім шыққан.

Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 100 іске артық дейді әкімшілік соттың төрағасы. Сол секілді қайта шағымданушылардың да саны көбейген. Бірақ, тек бес істің ғана шешімі өзгертілген. Бір қуантарлығы — айыппұлдарды өз еркімен төлеушілер саны артыпты. Дегенмен, сот орындаушыларының көмегіне жүгінетін фактілер де бар.

Ал екі жүзге жуық іс өзара татуласу арқылы оң шешімін тапқан. Яғни медиация жүйесі де өз пайдасын тигізген. Төрағаның айтуынша, ұсақ-түйек бұзақылық пен қоғамдық орындарды ластау бабы бойынша жауапкершілікке тартылатындардың саны азаймай отыр екен.

Ақылбек Ертаев, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы: «Бүгінгі таңда мемлекеттік сот орындаушыларына қоса жеке сот орындаушылары да жұмыс жасап жатыр. Осының нәтижесінде орындалмай жатқан сот актілерінің саны қысқарды. Соңғы бес жылдағы көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда, жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы, 2971 істен айыппұл өндіруге акт шықса, соның тек 258-іннен ғана өндірілмеді».