Өз-өзіне қол салудың 3 себебі бар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар психиатры, облыстық жүйке аурулар диспансерінің балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің меңгерушісі Тұрсынай Момынова
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар психиатры, облыстық жүйке аурулар диспансерінің балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің меңгерушісі Тұрсынай Момынова
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар психиатры, облыстық жүйке аурулар диспансерінің балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің меңгерушісі Тұрсынай Момынова

Облыста жыл басынан бері 171 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған. Олардың 144-і аман қалса, 27 жастың өмірін ажалдан арашалап қалу мүмкін болмапты. Суицидке барғандардың 4 -і облыстық жүйке аурулар диспансерінде есепте тұрған болса, қалғандарының денсаулығында кінәрат байқал-маған. Жасөспірімдердің арасында қанатын кеңге жайып, қоғам үшін алаңдатарлық жағдайға жетіп отырған бұл мәселе жайында БАҚ беттерінде, жиын, кеңестерде жиі сөз болып, алдын алу шаралары қолға алынса да өзіне-өзі қол салу­шылардың саны азаяр емес. Мұ­ның себебі неде? Көкейді күпті еткен сұраққа жауап алу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар психиатры, облыстық жүйке аурулар диспансерінің балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің меңгерушісі Тұрсынай Момыноваға (суретте) жолыққан едік.

– Суицидті дəрігерлер аурудың бір түрі десе, психологтар бұл жан күйзелісінің көрінісі дегенді айтады. Психиатр ретінде сіз не дейсіз?

– «Суицид» термині «өз өмірін қиюға ниеті бар мінез-құлық» дегенді білдіреді. Дәрігерлер өзіне-өзі қол салу себептерін денсаулықтың нашарлауы мен биологиялық факторлардан көрсе, психиатрлар жасөспірімдердің суицидке баруын 3 себепке бөліп қарастырады.

Біріншісі – өзіне көңілі толмауы. Яғни, бала өзінің мінез-құлқына, түр-әлпетіне көңілі толмай өзін өзгелерден бір саты төмен ұстап, кемсітеді. Ақырында өмір сүрудің мән-ма­ңызын жоғалтып, өзіне қол жұмсауға бел байлайды.

Екінші себепке – психологиялық дағдарысты көңіл күй, мик­ро­әлеуметтік дау-дамайлар жатады. Мәселен, сүйіктісіне қол жеткізе алмаған, «жауапсыз махаббаттың» құрбанына айналған, ата-анасымен, ұстазымен немесе досымен ренжісіп қалған жастар үшін тұрмыста кездескен қиын­дықтан шығатын жол – өзін-өзі өлтіру болып көрі­неді.

Үшінші себепке – психикалық ауытқулар, физиологиялық факторлар жатады. Яғни, дисгармониялық дамуы бар ба­ла­лар өмірдегі шынайылықты дұрыс қа­былдай алмайды. Мұндай балалардың бойында ұял­шақ­тық пен агрессиялы мінез-құлық, шек­тен тыс мазасыздану, қояншық сияқты психологиялық ауытқулар болады. Салдарынан олар өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін.

Біле білсеңіз, бірінші және екінші себеп бойынша суицидке баратын жастардың ақыл-есі дұрыс, денсаулығында кінәрат болмайды. Олардың мұндай әрекетке баруына бір минуттық әлсіздік, бір сөзбен айтқанда жан күйзелісі себеп болады. Ондай жастармен психологтар, социологтар жұмыс істейді. Ал, үшінші топқа жататындар міндетті түрде дәрігердің бақылауына алынып, арнайы орындарда ем қабылдайды.

– Десек те, бүгінгі таңда суицид адам бойындағы дерт ретінде қарастырылып, оны емдеу ақ халаттылардың мойнына жүктеліп отыр. Сіздің ойыңызша бұл дұрыс па? 

– Суицид – қоғамдық, мем­ле­кет­тік, әлеуметтік, саяси, психо­ло­гиялық сипаты бар күрделі проблема. Бұл дертпен тек психолог немесе дәрігер күресу керек деген қате түсінік. Сондықтан да бұл дертпен күресуде невропатологтар мен психиатрлардың, психологтар мен мұғалімдердің, тіпті ата-аналардың да рөлі зор. Бірігіп жұмыс істеген кезде ғана жас ғұмырдың ерте үзілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік туады.

– Жалпы, өзіне-өзі қол жұмсауды жұқпалы дерт ретінде қарастыруға бола ма?

– Суицидті жұқпалы дерт деп қарастыруға болмайды. Алайда кейде бір үйдің дені сап-сау бірнеше баласы өзін-өзі өлтіруге әрекеттенуі мүмкін. Бұл балалардың еліктеушілігінен туындайтын мәселе деп қарастырып, психологтың көмегіне жүгінген абзал. Ал, егер баланың психикалық ауытқулары болса, онда ол айналасындағы бауырларына, ата-анасының ақыл-есіне тікелей әсер етіп, олардың да өзіне-өзі қол жұмсауына итермелеуі мүмкін.

– Бұл дерт тұқым қуалайды ма?

– Жоқ, қуаламайды. Ең бастысы бұның «рухани дерт» екендігін ұмытпағанымыз абзал.

– Өзіне бір рет қол жұмсап аман қалған адам екінші рет бұл әрекетін қайталауы мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін. Ең қиыны да, қорқыныштысы да сол. Өзіне-өзі бір рет қол жұмсауға талпыныс жасап, бірақ өлімнен аман қалған жан бұл әрекетін екінші рет қайталауы мүмкін. Себебі, көп жағдайларда есіне салмайық, болған оқиға ұмытылсын деген үмітпен, бұл мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалып қояды. Мұндай жағдайда, баланың ішкі жандүниесіндегі негізгі себеп шешілмей қалады да, уақыт өте қайта қозып, сол әрекетке қайта итермелейді. Әрекет үшке дейін қайталануы мүмкін. Үшінші әрекеттен аман алып қалу қиын. Егер, белгісі байқалса немесе бірінші әрекеттен жасалған болса, кешіктірмей тиісті маманның көмегіне жүгіну керек.

– Сөзіңіз аузыңызда, «Егер белгісі байқалса…» деп қалдыңыз. Сонда, басқа да аурулар сынды бұл дерттің қандай да бір белгілері болады ма? 

– Қазіргі таңда ғылым қаншалықты дамыды десек те, суицид дертінің белгісі мынадай деп дөп басып айта алмаймыз. Олай болса, ондай белгі берген адамдарды тездетіп есепке алып, тиісті мамандар емдеген болар еді. Десек те, баланың күй­зеліске душар болып жүргенін мына бір әрекеттерден де анық аңғаруға болады. Біріншіден, баланың мінез-құлқы өзгереді. Тұйық бола бастайды, әңгімеден қашады, өте енжар, селқостанып жүреді немесе керісінше өте ашулан­шақ болады. Екіншіден, мектепке бармаудың барлық амал-шарасын ойлап табады: «басым, ішім ауырып тұр, құсқым келеді» деген сияқты сылтауларды көбейтеді. Үшіншіден, мектепте болған си­туа­циялардан қашады, сабаққа барғысы келмей, әдейі ұйықтап қалады. Төртінші, әдеттегіден гөрі ақшаны жиі сұ­рай бастайды, сылтауы көбейеді, тіпті ата-анасының қалтасына тү­седі. Демек, ол қаржыны мек­тепте мазасын алып жатқандарға та­сиды. Бесінші, оқу үлгерімі нашарлайды, зейінсіз болады. Өлім жайында жиі әңгіме қозғайды немесе «өмір сүргім келмейді», «өліп қалсам не болады?», «өлген адамның рухы қайда барады?» деген сөздер айтады. Бұл жасөспірімнің суициальді әрекетке бел байлап жүргенінің алғашқы белгілері.

– Бұл орайда ата-ана алдымен нені ескеруі қажет?

– Суицидтік мінез-құлқына қа­тысты әрекеттер мен оның ал­дын алу үшін ең алдымен ата-ана баланың көңіл күйіне ерекше на­зар аударып отыруы керек. Сондай-ақ, кішкентай кезінен жасөспірімдердің туыстары мен ата-ана­сына эмоциялық жағынан жақындық сезімін қалыптастыр­ғаны жөн. Тіпті өзіне қол салудың дұрыс емес екенін, ұят нәрсе екенін ұғындырып, от­басылық, шығармашылық, өмір­лік жоспарлар туралы жиі әңгіме­лес­кен дұрыс. Ең маңыздысы, баланың бойы­на үміт пен сенім ұялату арқылы жылы сезімдерді дамыту керек. Жеткіншектің мінез-құлқын қада­ғалап отырып, оған талдау білу де үлкен жетістік дер едім.

– Облыста суицидтің алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынған?

– Бүгінде білім беру саласында психо­ло­гиялық қызмет жүйесі, ата-ана­лар­дың, педагогтардың, оқу­шы­лардың психологиялық са­­­уат­­тылығын ашу жолға қой­ылған. Яғни, барлық мектептерде психологтар жұмыс істейді. Олар анкета тарату, тест алу, әңгімелесу арқылы баланың бойындағы өзгерістерді мінез ауытқушы­лығын анықтауға тырысады. Оқушының бойында қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда мектеп-психологтары ата-ананың көмегімен баламен жұмыс жасай бастайды. Ал, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында арнайы кабинет ашылған. Осы кабинеттің жоспары мен бағдарламасы негізінде жеткіншектермен жұмыс жасау бағыты жүйелі түрде жолға қо­йылған. Демек, мұндағы мамандар білім беру ұйым­да­рында ата-аналармен де, балалар­мен де суицид жайлы про­фи­­лак­ти­калық жұмыс ұйым­­­­дас­тырып тұрады.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014