Бүгін Оңтүстікте өткен халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады. Өңірдің ғалымдары халықаралық конференцияда өздерінің бірегей еңбектерін ұсынып, 17 елдің профессорларын таңдай қақтырды.

Бұл туралы резолюзия қабылдар алдында өткен басқосуда айтылды. Айта өтейік, конференцияға әлемдік ғылыми қауымдастықтың аса танымал өкілдері келді. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Малайзия мен Қытай, Ресейден және тағы да басқа елдерден келген көптеген ғалымдар бар. Жиын барысында химия, мұнай химиясы және ІТ технология, текстильді және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ғылыми зерттеулер туралы көп сөз болды. Шетелдіктерді бөткелге құйылған шұбат қатты қызықтырды.

Ғалымдар оңтүстік зерттеушілерінің асыл тастарды алу бойынша «Лағыл тас монокристалдарын алудың нанотехнологиясы» жаңалығын жоғары бағалады. Аталған жобалардың басым бөлігі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсынылатын болды.

Конференция соңында арнайы әзірленген резолюзияға қол қойылды. Енді ғалымдар жобаларын жүзеге асыру барысында жұмыс жасайтын болады.

Екі күндік жұмысын аяқтаған өнертапқыштар Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи жерлеріне экскурсия аттанып кетті. Алдын ала бекітілген жоспар бойынша шетелдіктер Түркістан, Сайрам, Отырар аудандарында болады.