Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ әдебиетінің есігін айқара ашқан ақын Ұлықбек Есдәулет 60 жасқа толды. Мерейтой қарсаңында шығыстың тумасы Шымкентке келіп, облыстық «Отырар» кітапханасында оқырмандарымен қауышты. Алғащқы өлеңін 9-сыныптан бастап жаза бастаған дарын иесі елді ерте мойындатты дейді әдебиетшілер.
Ғалым Жайлыбай, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары: «60 деген жас ақын үшін үлкен жас. Алпысқа Абай да келмеген. Осы біздің Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қасымдардың бәрі 44 жасында қырқылып кеткен…»
Десе де шығыстың тумасы поэзияда ұзақ уақыт жүру оңай соқпайтынын айтады. Сондықтан көптеген ақындар егде жасқа келгенде прозаға ауысып жататын көрінеді. Себебі, жастықтың жөні бір бөлек дейді ол.
Ұлықбек Есдәулет, ақын: «Поэзия деген ол жүректің лүпілі, қанның қызуы буырқанған. Сондықтан жас кезде жазып қалған дұрыс.»
Алпысты еңсерген ақын өзге сарында жазады. Арнаулардың өзінде адамның аты-жөнін қолданбайтыны ғажап дейді оның шығармашылығына талдау жасаған аға буын. Ал жастар жағы көкейде жүрген сауалдарына жауап алып, қаламгердің өлеңдерін жатқа оқыды.
Өз кезегінде Ұлықбек Оразбайұлы кездесуді ұйымдастырған «Отырар» кітапханасына өз туындыларын сыйға тартты. Ал оқырман қауымның назарына ақынның қаламынан шыққан «Қара пима» поэмасының желісімен түсірілген режиссер Арыстан Отарбаевтың фильмінен үзінді ұсынылды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QEtIyhaA6cI[/youtube]