Алаяқтар әлі де белсенді. Шымкенттің ондаған тұрғыны пәтер алуға көмектесем деп уәдені үйіп-төккен пысықайларға алданып қалған. Прокурорлардың мәліметінше, жәбірленушілер миллиондаған теңгесінен айрылып отыр. «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы аясында баспаналы боласыз дегендер пәтерді арзан бағада алып берудің жолын да түзіп алған секілді.
Нигена Назарова есімді келіншек алаяқтардың барына бұрын сенбесе, енді көзі жетті. Оған біреулер 10 мың доллар ақшаға «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында пәтер әперуге келіскен. Енді аялаяқтарға алданып, бармағын тістеген Нигена полиция қызметкерлерінен көмек сұрап жүр.
Нигенадан бөлек бүгінде құқық қорғаушылардың көмегіне ондаған адам жүгініп отыр. Полицейлердің айтуынша, өңірімізде алаяқтардың қылмысы күн санап өсіп келеді.
Абзал Сарсебаев, Әл Фараби ПБ тергеу бөлімінің басшысы: «Ағымдағы жылы пәтер алаяқтарының қатысымен 130 қылмыс орын алған. Оның 90-ның үстінен қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жіберілді. Қазіргі уақытта 25 қылмыстық іс қозғалып жатыр, оны да сотқа жібереміз деп жоспарлап отырмыз.»
Облысымызда осы қылмысқа қатысты сандар сайрап жатыр. Алаяқтық бойынша 2 272 қылмыс тіркелген. Тіпті өткен айдың өзінде баспана алсам деген ниетпен тағы да 44 адам жиған-терген теңгесінен айырылып, жапа шегіпті. «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасы — алаяқтардың табыс көзі, жанбағар әмиянына айналған дейді прокуратура қызметкерлері. Бұған, бір жағынан, жәбірленушілердің өздері дә себепкер. Олар оңай жолмен баспаналы болғысы келеді.
Нұржамал Тінкебаева полиция бөліміне тағы да келді. Бұл жолы арыз жазу үшін емес, өзін алдап соққан алаяқ әйелді растау үшін. Ол да пәтерді жылдам әрі арзан бағада алғысы келген. Қуаншқа орай, Нұржамал айрылған ақшасын қайтарып алды.
Нұржамал Тінкебаева, «Менің түсінгенім — адал әрі жұртпен бірге жүру керек екен. Құқық қорғаушыларға рахмет, шұғыл жұмыс жасап, кінәліні тауып берді.»