«Атамандарды» анықтайтын маусым басталды

42-00420 жастағы жігіт өзінің 3 бірдей құрдасын пышақтап тастады. Соның салдарынан бір адам мерт болса, екіншісі ауруханада жатыр. Бұл сұмдық оқиға ОҚМУ-дің жатақханасында болған.

Қазіргі жастардың психологиясы мүлде басқа. Айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін, тізгінсіз кеткен балалардың қатары артқан сайын артып келеді. Сезген де боларсыз, айтпағымыз қыры кеткен бала тәрбиесі жайында. Оған түрткі болған соңғы кезде тым көбейіп кеткен студенттер мен оқушылар арасындағы төбелес, атыс-шабыс оқиғалар.

Оқу жылы басталысымен Шымкентте жастардың өзара «соғысы» да басталып кеткен. Әсіресе «атамандарды» анықтау үшін болған қан-жоса төбелестердің маусымы дәл қазір қызып тұр. Енді жоғарыда айтылған 3 бірдей құрдасын пышақтап тастаған 20 жастағы жігіттің қылмысына оралайық. Бұл сұмдық оқиға ОҚМУ-дің жатақханасында болған. Екінші курстың студенттері өзара төбелесіп қалады. Ерегістің соңы пышақтасуға ұласып, қайғылы аяқталған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, үш студент бұған дейін құрдасына әлімжеттік көрсеткен екен. Осылайша жатақханада тұратын қатарласын өздерінің тәртіптеріне бағындырғысы келіпті. Күн сайын таяқ жей берген студент ашуға булығып, әлгілер ертеңіне тағы келген кезде бөлмесінен пышақ ала шыққан. Ерегіс кезінде «атамандардың» үшеуіне де сұғып алған. Қазіргі таңда жарақат алғандардың бірі ауруханада жатса, екіншісіне медициналық көмек көрсетілген соң үйіне қайтарылған. Ал «атамандардан» кек алған жігіт қолға түсіп, үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу абақтысына қамалды.

Қайғылы аяқталмаса да мұндай жағдайлар кез келген оқу орындарында, мектептерде орын алып отырғанын айта кетейік. Жоғарыдағы кісі өлтірген жігіттің әрекеті ақтауға тұрарлық болмағанымен, оны да түсінуге тырыстық. Өзімізді соның орнына қойып көрдік. Күніге ығырын шығарып, күн көрсетпей, тіпті жатақханасына іздеп келіп, әлімжеттік көрсете берген соң баланы ыза қысқан сыңайлы. «Қашанғы осылардың шыбығына көніп, айтқанымен жүре беремін» деген «еркектік» мінез ақыры өз дегенін істетті. Бұзақы балаларды өзінше «жазалады». Дегенмен арты қайғылы аяқталып отыр. Жалғыз бұл емес, ауылдан кеше келіп, әлі оң-солын тани қоймаған бозбалалардың шарасыздығын білетін кәнігі бұзықтар көше-көшені, жатақханаларды аралап, сондайларды іздеп жүргеніне күмәніңіз болмасын. Тауып та жатыр, дегендеріне де жетуде. Осы сорақылықтың бәріне кім кінәлі?

Жақсыдан гөрі жаманды тез қағып ала қоятын балалардың арасында бүгіндері қылмыстық оқиғалар өршіп тұр. Қайда барсаң да алдыңнан студенттер мен мектеп жасындағылардың қылмыстық оқиғасы шығады. Бір-біріне пышақ жұмсау, әлімжеттік, топ болып төбелесу, атыс-шабыс, тап бір шетелдік «боевик» фильмдердегі сұрқай өмірге тап болдық. Елге «бұзықтығымен» ерекше танымал шымкенттік балалар бүгіндері мұрын қанатып төбелесуді қойып, бір-біріне мылтық кезейтінді, жыны келсе, ата салатынды шығарған. Амал не, айдың күннің аманында енді ғана үлкен өмірдің дәмін тата бастаған балалардың бірі өліп, бірі түрмеге қамалып жатыр. Қан жылаған ата-ананың көз жасы мен қыршынынан қиылған бозбаланың өмірін ешкім қайтарып бере алмайды. Қолымыздан келетіні басу айту. Осындай оқиғалардан кейін барып әрекет ете бастайтын әдетіміз ғой, құқық қорғаушылар пышақтың қайдан шыққанын, бұған не себеп болғанын тексеріп әлекке түсуде. ЖОО басшылығы болса қауіпсіздік шараларын жасап, тәрбие сағаттарын жиілетіпті. Жау кеткен соң қылышын тасқа шабатын үйреншікті тірлігіміз бұл.

Сонымен баланың ана жатырынан шықпай жатып қылмысқа ұрынуына не себеп? Тізбектесек себеп көп. Алайда, қай кезде болмасын балаға тәрбие беретін ата-анасы, туған туысы, ағайыны. Нарықтық заманның қатал иіріміне түсіп кеткен кейбір әке мен кейбір шешелер баласы мен қызының тыста немен айналысып, не тындырып жүргенінен бейхабар. Бар міндетім киім-кешегін түгендеп, ас-ауқатын тауып берсем, сұраған ақшасын беріп тұрсам болды деп, азаннан кешке дейін үй бетін көрмейтін, үйде болса да баласымен емен-жарқын араласпайтын ата-аналардың да шоғыры бір төбе. Батыстық тәрбиеге салып, бәрін өзі шешіп үйренсін дейтін қағидаға сүйенетіндер де аз емес. Осылайша бар айтқаны болып тұрған, бәрін өз қалауымен шешуге дағдыланған баланың бойына менмендік, өзімбілемдік сияқты қасиеттер жиналып-жиналып келіп, кейде айтқаны болмай қалса, шарт-пұрт кететін мінездің пайда болуына әкеп соқтырады.

Оқушы мінезінің қаталданып, аяушылық түйсігінің жәймен жойыла бастауының, ұятсыз әрекеттерге, зорлық-зомбылыққа баруының тағы бір себебі теледидардан сан түрлі экшн фильмдер мен жалаңаш өмірді, эротиканы насихаттайтын бағдарламалардың көрсетілуімен байланыстыруға болады. Одан қалса қызға таласып қалатын жасөспірімдер дау-ды білекпен емес пышақпен, мылтықпен шешкенді әлдеқайда оңай көреді. Балалар арасындағы төбелестің дені осы қыз-қырқынға таласудан болады екен. Одан қалса мектептегі беделін көрсету, қинап ақша талап ету, бермесе соққыға жығып, ерегіссе, атып тастау – қазіргі студент, мектеп жасындағылардың әдеттегі тірлігі. Сол үшін де тәрбиені отбасынан бастау керек. Қожайын мен бәйбішесі тату болса, оттың басы берекелі, бала-шағаның күлкісі шат, тәрбие де оң болатыны рас. Бірақ, отағасы араққа салынып, отанасы онымен күнде алысып жүрген отбасылар қаншама. Осындай адам төзгісіз ортада жетілген жеткіншектің психологиясы да тұрақсыз болады дейді психологтар. Тез ашуланғыш, тез қапаланғыш, өкпелегіш, қалт етсе беттен ала кететін ұл-қыздардың көбісі әлгіндей берекесіз отбасында өскендер екен. Сосын оқудың да мәні кетеді. Осылайша оқуға құлқы жоқ оқушы көшеге қарай еріксіз тартылып кете барады. Атыс-шабыс, төбелестің көкесін сосын көресіз. «Кім атаманды» да анықтайтын, жатақхана мен оқу ордаларында төбелесті ұйымдастыратын да осылар.

Еркін елде туылып, мейлінше еркін өмір сүруге дағдыланған қазіргі бозбала мен бойжеткеннің тәрбиесіне қатысты сөз көп. Жақсы тәрбие беруді басты мақсат етпейінше бұл мәселенің қиындаған үстіне қиындай берері анық. Баланың тәрбиелі, инабатты, көргенді болып өсуі ең алдымен оның өзіне, және ата-анасына қажет. Қоғам үшін де. Себебі жаман жолға түсіп кеткен бала басқаның да ғұмырына әсер етіп, кейде кісі өлтіруге дейін барады. Барып та жүр. Сол үшін де ата аналарға айтарымыз, балаңызды сүйсеңіз – тәрбиесіне мән беріңіз. Онсыз баланың болашағы да, бәрі де баянсыз болмақ.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №42, 15.10.2014