Алдағы жылдары Бәйдібек ауданының халқы көмір жағудан құтылады. Алла бұйыртса, аудандағы 52 елдімекенде тұратын елу бес мыңнан астам тұрғын табиғи газдың қызығын көрмек.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Сұлтанғали өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Салтанатты шара барысында №18 «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталып, алғашқы газ құбыры дәнекерленді. Қос тарап қол жеткізген меморандум аясында облыстағы Бәйдібек, Созақ аудандарын газбен қамтуға қатысты мәселелер тиімді іске асырылмақ.
Облыс әкімдігі құрылыс жүргізу үшін қажетті құжаттарды дайындаса, «ҚазТрансГаз» АҚ 2015 жылдың соңына дейін «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырының 1365 шақырымында «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысын жүргізіп, аудан орталығы — Шаян елдімекеніне дейінгі 32 шақырымдық аралықта газ құбырын тартпақ.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі