41-017«Бас ауырса, іш ауырса анам дәрі береді». Алайда, бала құлап, соның салдарынан басын жарса не істеу керек екенін білмей, абыржып қалатынымыз бар. Ендеше, ұл-қызыңыздың басы жарылса жедел жәрдем келгенше көрсетілетін алғашқы жәрдем туралы біле жүргеніңіз абзал.

«Бала жетіге келгенше, жерден жеті рет таяқ жейді» деген сөзді көнекөз қарияларымыз бекер айтпаса керек-ті. Ойын баласы болған соң бүлдіршіндер құлайды, жарақаттанады. Сол жарақаттың аса ауыр бір түрі – бас сүйегі мен бас миының зақымдануы.

Жарақаттың түрлері

Дәрігерлер бас сүйегі мен бас миының жарақаттарын ашық және жабық жарақат деп екіге бөліп қарастырады.

Ашық жарақат дегеніміз – бұл бастың жұмсақ тіні, ұлпаларының тұтастығының бұзылуы, сүйектің ашық сынуы және мидың қатты қабығының зақымдануы.

Жабық бас-ми жарақаты дегеніміз – тері жамылғылары мен кілегейлі қабықтың тұтастығы бұзылмай зақымдану. Яғни, бұған терінің сыдырылуы, сіңірдің созылуы, жұмсақ ұлпалардың ажырауы (бұлшық еттің, жүйкенің, сіңірдің), буын мен сүйектің зақымдануы (буынның таюы, сүйектің сынуы) жатады.

Жабық бас-миының жарақа-тының өзі шартты 3 топқа бөлінеді. Олар:

– мидың шайқалуы;

– мидың соғылуы;

– бассүйекішілік гематомалары.

Мидың шайқалуы – ауыр емес жарақатың салдарынан пайда болады. Бұл жарақат алаушылардың 70 пайызында кездеседі. Ми шайқалған жан 1-2 минөтке дейін есінен танып қалуы әбден мүмкін. Мұндай кезде бас ауырып, жүрек айниды, көзін қозғалтқанда ауырсыну байқалады.

Мидың соғылуы клиникалық ағымына және ми тінінің зақымдануының айқындығына қарай жеңіл жəне ауыр дəрежеге бөлінеді.

Бассүйекішілік гематомалар немесе қарапайым тілмен айтқанда мидың қысылуы. Мидың қысылуы көбінесе ішкі бас сүйегіндегі гематомадан немесе сынған бас сүйегінің сынығынан туындайды. Әдетте жарақаттанғаннан кейін естен айырылады. Біраз уақыттан кейін қалпына келеді, содан соң сананың бұзылуы басталады.

Тимур Бегманов, балалар нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Біздің ауруханаға басы жарылған балалар көп түседі. Олардың жарақат алу себептері де әртүрлі. Бірі көлік апатына ұшырап жарақаттанған болса, енді бірі үйінде ойнап жүріп құлағандар. Жеңіл жарақат алғандарды тексеруден өткіземіз. Шекесі жарылғандардың жарақатын тігіп береміз де үйлеріне қайтарамыз. Араларында реанимациялық бөлімге жатқызылатындары да бар.

Алғашқы медициналық жәрдем

Емдеу тәсілі – бас миының зақымдануына, туындаған асқынуларға қарай таңдалады.

Мәселен, бас миының шайқалуы – жедел жəрдем көмегін қажет етпейді. Ал, мидың соғылуы кезінде оның ауырлық дәрежесіне қарай көмек көрсетіледі. Ескеретін жайт, қанды тоқтатамын деп жарақатқа йод, сутегі ерітіндісін құюға болмайды. Мамандардың айтуынша бұл препараттар теріні күйдіріп тастайды. Ең дұрысы жарақатты таза қатты таңғышпен байлап тастау керек. Егер жарақат үлкендеу болса, міндетті түрде жедел жәрдем шақырған жөн.

Ми соғылуының ауыр түрлерінде, мидың қысылуы кезінде немесе ашық бас ми жарақаты орын алған кезде міндетті түрде дәрігерді шақырту керек. Ал жедел жәрдем көлігі келгенше ес-түссіз жатқан науқастың тілін байқаған жөн. Өйткені ол тыныс жолдарын жауып тастауы мүмкін. Сондай-ақ, қан не құсық тыныс жолдарын жауып қалмас үшін жарақат алушыны бір бүйірлеп жатқызған жөн. Ауырсынуды жеңілдету үшін 50% – 2 мл аналгин және 1% – 2 мл димедрол ерітіндісін немесе 2% супрастин енгізуге де болады. Басқа мұз басуға да рұқсат етілген.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ