Дүкен тонағандар таксимен қашты

«Отырар» телеарнасы, «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттері редакциясының қала күні қарсаңында Шымкентегі ең сапалы әрі үздік таксопаркті анықтау үшін ұйымдастырған «Такси-13» байқауы бұл аптада да жалғасты. Газетіміздің алдыңғы санында I және II турдың қалай өткенін жазған болатынбыз. Жалпы 5 турдан тұратын байқаудың III және IV турларының түсірілімі өте қызықты өтті.

42-014

Әуелде байқауға шақырылған он таксопарктің екеуі қатысудан бас тартқан болатын. Байқау сегіз таксопарктің белсене қатысуымен басталған-ды. Кезекті екі турға да осы «Оскар», «Дива», «Джет», «Айсұлу» мен «Арман», «Мобилок», «Такси-такса», «Тұлпар» және «Сити» таксопарктері тартылды.

Үшінші турда да такси жүргізушілерінің қалада нысаналы нүктені тез табуы мен жолды білу шеберлігі сынға түсті. Ал, төртінші турда олардың психикалық тұрақтылығы мен әртүрлі тосын жағдайларда өзін-өзі ұстай білуіне баға берілді.

«Такси-13» байқауының төртінші турын ұйымдастыру үшін Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрының әртістері шақырылды. Кәсіби әртістер шақырылған такси көліктеріне отырып, қаламыздағы алдын-ала белгіленген бір мекенжайға жеткізуді айтты. Олар көлік ішінде жолай алдын-ала әзірленген сценарий бойынша әрекет етті.

42-015

Яғни, ашып айтар болсақ, алдымен театрдың бір актер жігіті мен қызы ерлі-зайыпты жұптардың рөліне енді. Күйеуі толғатқан жүкті әйелін перзентханаға жеткізу үшін такси шақыртады. Көлікті жолай дүкен алдына тоқтатып, келіншегін көлік ішінде қалдырып, өзі дүкенге кіріп кетеді. Сонда жүкті келіншекті такси көлігінің ішінде толғақ қысады. Дәл осы жағдайда жүргізушінің қалай әрекет ететіні жасырын бейнекамера арқылы түсірілді. Көлік жүргізушісінің осындай өмірлік жағдайда сабырлық сақтап, не қам-қарекет жасайтыны бағаланды.

Екінші жағдайда масаң күйдегі жолаушы көлікке отырып, агрессиялық әрекеттерге бой ұрғанда жүргізушінің кәсібилігі сыналды. Бұл үшін театрдың екі актер қызы қолдарына арақтың бөтелкесін ұстаған мас жолаушының кейпіне енді. Екі мас қыз көлікті тоқтатып, бір-бірімен шаш жұлысып, төбелесті. Такси жүргізушісінің осындайда нендей шара қабылдайтыны сырттай жасырын түрде бейнекамераға жазылып алынды.

42-016

Үшінші жағдайда такси жүргізушісі мәжбүрлі түрде қарақшылық шабуыл жасайтын топтың қатысушысына айналып шыға келді. Тарқатып айтқанда, қаладағы дүкендердің бірін тонамақ болған жігіт такси шақыртады. Қауіптен қапері жоқ көлік жүргізушісі жолаушыны діттеген дүкенге жеткізеді. Таксиден түскен жолау-шы жігіт жүргізушіге өзін күтуді өтініп, дүкен ішіне кіріп кетеді. Дүкеннен бетперде киіп, қолына тапанша ұстап шыққанымен қоймай, ақшамен қоса дүкен сатушысын да тұтқын ретінде алып шығады. Такси жүргізушісіне тапанша тақап, өзін айтқан жеріне жеткізіп тастау-ды бұйырады. Мұндайда такси жүргізушісінің не амалға баратыны да жасырын бейнетаспаға жазылды. Қарақшы жігіттің рөлінде театр әртісі ойнап шықты.

Төртінші турдағы алдын-ала ойластырылған ситуацияларға барлық сегіз таксопарк қатысты. Әр таксопарктен бір таксиден түрлі уақытта шақырылды.

Енді бесінші тур бар. Соңғы турдың жеребесі дүйсенбі күні тартылды. Бұл турда қойылған талап: қатысушылар автокөліктің көмегімен «ШЫМКЕНТ 13» сөзін жазып шығуы қажет. Бұл үшін таксопарк өкілдеріне «ШЫМКЕНТ 13» сөзінің әр символы таратылды. Әр таксопарк жасырылған әріптердің бірін таңдап алды.

42-017

 

Осылайша, «Дива»-ға «Ш», «Мобил ОК»-қа «Ы», «Оскар»-ға «М», «Такси-такса»-ға «К», «Сити»-ға «Е», «Айсұлу-Арман»-ға «Н», «Джет»-ке «Т» әріптері тисе, «Тұлпар»-ға «13» саны бұйырды. Енді бұл таксопарк жүргізушілері «Наурыз» алаңында өздеріне тиген әріпті автокөліктерді орналастыру арқылы жазып шығады. Мұнда жылдамдық, уақыт, символдың дұрыс жазылуы және көліктердің дұрыс орналасуы бағаланады.

Жеңімпаз таксопарк Қала күніне орай өткізілетін қорытынды мерекелік кеште жарияланады.

Барлық турлардың қызығы мен шыжығы алдағы уақытта «Отырар» телеарнасының «Такси-13» реалити-шоуынан көрсетіледі.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №42, 15.10.2014