«Демирел Кредит» өкілдері кеңседен заңсыз қуылып отыр ма?

256
кеңсе дауы бір жылға созылған

«Кеңседен заңсыз қуылып отырмыз.» Осылай деп шағым айта келген «Демирел Кредит» ЖШС өкілдері редакциямызға хабарласты. Айтуларынша, серіктестіктің аукцион арқылы сатып алған кеңселік мақсаттағы пәтерінің жаңа қожайыны пайда болған. Сот орындаушылары меншік иелерін пәтерден мәжбүрлеп шығаруға әрекеттенді.

кеңсе дауы бір жылға созылған

Өз кеңсесінен өзі қуылып жатқан серіктестік басшысы Райс Қараибрагимов сот орындаушыларының көзінше үшінші қабаттан секіріп кетпекке бел буды. Алайда сот орындаушыларының аяушылық таныта қоймайтынына көзі жеткен ол қайтадан сабасына түсті. Ашу мен ызаға булыққан борышкер тарап заңсыз қуылып жатырмыз деп қатты қынжылды.

Серіктестік былтыр бұл пәтерді аукцион арқылы сатып алған. Меншік иелері жайлы баспанаға енді қол жеткіздік деп жүргенде аяқ астынан мүліктің жаңа қожайындары пайда болады. Қорғаушы мүліктің дауға түсіп отырғанына шалағайлыққа жол берген әділет органы қызметкерлерін кіналап отыр. Себебі, жергілікті әділет басқармасында пәтердің иесі туралы мәлімет әу баста дұрыс тіркелмеген.

Кеңсені босату туралы шешім серіктестік иелеріне бірнеше рет жолданған. Алайда, аппеляциялық сот алқасына шағымданған олар сот процесін созып келген. Ақыры сот орындаушылары өндіруші пайдасына шешілген шешімге сәйкес бұрынғы меншік иелерін пәтерден мәжбүрлеп шығармақ.

Серіктестік басшысы дауға түскен мүлкі үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен де араша сұраған. Әкім нұсқауымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, тексеру шаралары да жүргізілген.

Табаны күректей төрт жылдан бері қоныстанып келген серіктестік қызметкерлері бұл пәтерді күрделі жөндеуден де өткізген. Жайлы кеңседе жайбарақат жұмыс істейміз деп жүргенде далада қаламыз деп кім ойлапты дейді бұрынғы меншік иелері.