Оңтүстік Қазақстан облысының кеденшілері кезекті контрабанданың жолын кесті. Жүк пойызына тиелген құрылыс заттары Ираннан елімізге заңсыз жеткізілген. Қазір осы оқиға бойынша құзырлы орган тексеру амалдарын бастап кетті.
Контрабандалық тауардың иесі заттарын жалған құжатпен тасымалдаған. Оны мемлекеттік шекара арқылы оп-оңай кіргізіп отырған. Сөйтіп, белгісіз жаққа әкеткен. Облыстық кедендік бақылау департаменті қызметкерлерінің айтуынша, заңсыз жолмен жеткізілген жүктің жалпы кедендік құны 138 миллион теңгеге жуық.
Жақсылық Рүстем, Кедендік бақылау департаментінің басқарма басшысы: «Аталған фактілер бойынша 2014 жылдың 26-қыркүйегінде ҚР ҚК 209-бабының 2 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.»
Бір қызығы, пысықай адамның контрабандалық тауарды жыл басынан бері тасымалдағаны анықталды. Ол осылайша тоғыз айдың ішінде алты вагон жүк алып өткен. Бірақ, оның барлығын бірден жеткізбеген. Күдік тудырмас үшін шекарадан вагондарды біртіндеп өткізген.
Құжаты көрсетілмеген тауарлар құрылысқа арналған. Барлығы түрлі түсті бояулар мен үлдірлер. Қазіргі таңда кеденшілер жүктің иесін анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Сонымен қатар кеденшілердің арасында осы дерекке қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен тексеру жүргізіліп жатыр.