866 миллион. Бұл екі ай бұрын басталған «Легализация-2014» бағдарламасында жекешелендірілген жылжымайтын мүліктің құны. Облыс бойынша 200-ге жуық өтініш қаралған. Үш азамат бағалы қағазын заңдастырса, жиырмаға жуық жан жылжымайтын мүлкін жекешелендіріп үлгерген.
Науқан басталғалы мүлігін жекешелендіремін деп келіп жатқандар көп. Олардың ішінде құжаттары сәйкес келмей, әбігерге түсетіндері көп екен. Мысалы Әл Фараби ауданы бойынша 183 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде тек 9 азаматтың арызы қабылданып, үшеуіне қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарылған.
Болат Рысқұлбеков, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Комиссияға өтініш жасап жатқандардың құжаттары дұрыс емес. Бізге келген азаматтардың барлығына кеңес беріп, түсіндіреміз».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=OHCT5iWoFpg[/youtube]
Ал облыс бойынша бүгінгі күнге дейін екі жүзге жуық азамат шараға қатысуға ниет білдірген. Жалпы сома 866 миллион теңгені құрайды. Құжаттардың бұрыстығынан тек тоғыз адамның мүлкі жекешелендіріліпті. Оның ішінде үш азамат бағалы қағазын заңдастырған. Жалпы құны — 32 миллион теңге.
Жеңісбек Дулатов, ОҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры: «Жылжымайтын мүлік бойынша құжат қабылданғаннан кейін өтініш 30 күн ішінде қаралады. Егер қандай да бір кемшіліктер табылып жатса, құжаттарды қайта рәсімдеп, комиссияға жүгінуге болады».
Айта өтейік, жекешелендіру шарасы 2015 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Барлық аудан, қала әкімдігінің ғимаратында жылжымайтын мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді.