– Құрманбек Кеңесұлы, жасыратыны жоқ қазіргі таңда біздің жастар заңгер не экономист мамандықтарын таңдауы құштар. Себебі бұл мамандықтар ерекше беделге ие болып отыр. Алайда біздің елде кей сала мамандары тапшы. Мәселен, сіздің мамандығыңызды солардың қатарына жатқызуға болады. Осы ретте метеорология саласының ерекшелігіне тоқтала кетіңізші…
– Асып бара жатқан ерекшелігі бар деп айта алмаймын. Барлық мамандық сияқты өзінің ішкі ережелері мен тәртіптері бар. Бастысы, жауапкершілігі өте жоғары. Себебі біз мемлекетіміздің уәкілетті метеорологиялық органы ретінде азаматтық авиация үшін метеорологиялық мәліметтерді ресми жеткізушіміз. Біздің акционерлік қоғамның негізгі міндеті азаматтық авиация әуе кемелерінің ұшырылуын қауіпсіз және тиімді орындау мақсатында метеорологиялық мәліметпен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл қаншама жанның тағдырына жауапты деген сөз.
– Сонда «Қазгидромет» орталығымен байланыстасыздар ма?
– Жоқ, біздің ол мекемеге еш қатысымыз жоқ. «Қазгидромет» халықты қазіргі және болашақтағы климат пен табиғи орта мәліметтерімен қамтамасыз етіп, қауіпті және апатты гидрометеорология құбылыстарды алдын ала болжап, хабарлап отырады. Ал біз әуекомпанияларына мәлімет береміз. Яғни, әуедегі ауа райын болжау тұрғысында өзіміз зерттеу жүргіземіз.
– Болжамды қалай жасайсыздар?
– Біздің мекеме Финляндия елінің Vaisala — КРАМС-4 деп аталатын дала датчиктерінің кешені негізінде заманауи кешенді радиотехникалық әуеайлақтық метеорологиялық жүйелерімен жабдықталған. Ол әуе кемелері ұшуының тиімділігі мен қауіпсіздігі үшін нақты ауа райы параметрлерінің дәл, сенімді мәнін алуды қамтамасыз етеді. Негізі ұшақтардың қауіпсіздігін сақтау тек бір ғана мекеменің жұмысымен шектелмейді. Мәселен бір ұйым ұшақтардың жағдайын сараласа, «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчерлері ұшақтардың ұшып-қону жағдайын жеткізіп отырады. Ал біз ауа райы болжамымен қамтамасыз етеміз. Жоғарыда атап өткен жабдық арқылы 12 шақырым биіктіктегі ауа райын анықтауға мүмкіндік бар.
– Метеорологиялық болжам жасалынды делік, оны қайда таратасыздар?
– Мәліметті алдымен біздің мекеменің орталығы, яғни, Алматыдағы әріптестерімізге жібереміз. Ондағылар ақпараттың дәлдігін анықтаған соң болжамымыз Вена банкіне жөнелтіледі. Әлемнің барлық әуе компаниялары метеорологиялық болжамды сол жақтан алып отырады. Ал нақты құбылыстар мен болжамдарды әуе компанияларына таратқанымыз үшін әуе компаниялары бізге белгілі бір мөлшерде қаржы төлейді. Біз жекеменшік мекеме болғандықтан көрсетіп отырған қызметіміз ақылы. Сол қаржы есебінен бізге жалақы есептелінеді.
– Демек, сіздердің жалақыларыңыз рейске байланысты ма?
– Жоқ, тұрақты.
– Шымкентте күніне қанша бағытқа ұшақ ұшады?
– Оның бәрі авиакомпаниялардың әуежайлармен жасасқан келісімшартына байланысты. Бізде олардың тәуліктік нақты статистикасы жоқ. Себебі әр кезде әрқалай. Мәскеу мен Новосибирск және Қазақстанның өзге де қалаларына тәулігіне бір рейстен қарастырылған. Ал Алматы мен Астана бағыттарына тәулігіне екі рет ұшақ ұшады. Біз бір ұшақтың әуеге ұшу және қайта келіп қонуын бір бағыт деп есептейміз. Сонда айына шамамен 450 бағыт бар.
– Жылдың қай мезгілінде және қай өңірінде ұшақпен ұшуға қауіп көп төнеді?
– Қыс мезгілінде қауіп көп болады. Себебі жауған қар ұшқындары ұшаққа жабысып, ол салмақты арттырады. Соның салдарынан тепе-теңдік жоғалады. Қаупі жоғары өңірлерге келсем, бұл топқа Алматы қаласын жатқызуға болады. Себебі қала сайда орналасқан. Күз бен қыс күндері ауадағы ылғалдылық бар болғаны 100-200 метр ғана көтеріліп, тұман болып, сақталып қалады. Ол ұшақтың әуеге ұшуына қауіпті.
– Инженер-метеоболжаушысыз. Бұл мамандықты таңдауыңызға кім себеп болды?
– Мен мектепті 1990 жылы бітірдім. Шымкенттегі жоғары оқу орындарының біріне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, жолым болмай оқуға түсе алмадым. Кейін әскерге шақырту алып, оқуды кейінге шегердім. Әскерден 1993 жылы қайттым. Ол заман өте қиын жылдар болды. Тәуелсіздік енді алған шақ. Дағдарыс, тіпті нан табудың өзі қиын заманда жоғары білім емес, күн көрудің қамын ойлау қажет.
Біз отбасында 8 ағайындымыз. Мен үйдің үшінші перзентімін. Менен кейінгі қарындастарым мен інілерім әлі мектеп оқушылары. Соларды аяқтан тұрғызу керек болды. Осы аралықта қара жұмыспен айналыстым. Екі қолға бір күрек табылғаны сол ғана еді. Содан ағам екеуміз облыс орталығына келіп, бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына араластық. Осы жылдар ішінде «Сен мектепті озат бағаға оқыдың. Саған жоғары білім алу керек. Қара жұмысты тастасаңшы…» деп айтушылар да көп болды. Тек 2001 жылы жоғары білім алуыма мүмкіндік туды. Метереология саласына келуіме ешкімнің себебі тиген жоқ. Алматыдағы Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-не барып, ондағы мамандықтармен мұқият танысып шықтым. Метеорология саласының маманы көп емес әрі бұл сала қызығушылығымды арттыра білді.
– Құрманбек Кеңесұлы, естуімізше кадр мәселесі қазір де өзекті секілді. Солай ма?
– Қазір біздің мекемеде зейнет жасына жетіп қалған қызметкерлер бар. Солардың орнын басу үшін жас толқын көбірек келсе деймін. Оның үстіне біздің елде метеорология саласының маманын даярлайтын тек бір ғана оқу орны бар. Онда жылына шамамен 20 студент білім алса, оның жартысына жуығы білімін әрмен қарай жалғастырып, магистратураға түседі. Ал кейбірі жалақысы аз деп бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Осы ретте айтар едім, кез келген адам мейлі ол синоптик, заңгер немесе экономист болсын, жұмысты жалақы үшін емес, осы саланы өзі таңдады ма, оны халыққа қызмет етіп жатырмын деген ынта-жігермен жасағаны абзал. Бастысы, кез-келген маман өз жауапкершілігін ұмытпауы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014