Арық мал, сапасыз ет. Түлкібас ауданында туберкелезге шалдыққан жандар осындай малдың етінен жасалған тағамды ішуге мәжбүр. Себебі, мекемені етпен қамтамасыз етуші жеке кәсіпкер гигиеналық талаптарды сақтамай, етті қалай болса солай жеткізетін көрінеді.
Түберкелезге шалдыққан жандарды емдейтін санаторийде таңертең айқай-шу басталды. Мекемені етпен қамтитын кәсіпкер кеше жеткізілуі тиіс азық-түлікті ертеңіне әкелген. Мекеме басшысының сөзінше, ол сапасыз да болып шыққан. Тіпті жеуге де келмейді.
Алхатай Ошақбаев, Балықшы мамандандырылған түберкулезге қарсы санаториінің бас дәрігері:»Өздеріңіз көріп тұрған автокөлік ешқандай санитарлық нормаға жатпайды, бұл автокөліктің санитарлық паспорты болу керек. Тасушы қызметкерлерінің медициналық кітапшасы болу керек. Шілде айында болса да етті осындай автокөлікпен алып келеді.»
Ет жоқ болғандықтан, емделушілер сиыр етінің орнына тауық етін тұтынды. Мамандардың сөзінше, мұндай жағдай жиі қайталанатын көрінеді. Етпен қамтамасыз етуші жеке кәсіпкер өз жұмысына салғырт қарайды екен.
Гүлмира Жанегіз, «ХАН АСЫЛ» ЖШС директоры: «Мұны білетін болсам, бұдан да семіз ет жіберетін едім. Мен, мысалы, бір ет бір жерде сойылатын болса, таңдамай, барлық жерге бірдей жіберемін. Бір күнде 5-6 мал сойылады, соны дереу ауруханағаа жіберіп отырамын.»
Қазіргі таңда мекеменің азық-түлік қоймасында мұздатқыштар бос тұр. Емделушілердің тағамына деп жеткізілген мал өнімі таусылған. Сондықтан аспазшыларға жоқтан бар жасауға тура келеді.
Ал кәсіпорын мен мекеме арасындағы келісім жыл басында түзілген. Содан бері тасымалдаушы өз тауарын белгіленген кестеге сай жеткізіп беріп отырған. Бірақ, тараптар бір-екі рет түсініспей қалып, жанжалдасқан. Артынша келісімге келген. Сонда да тасымалдаушы жаққа мекеменің тағар міні бар.
Раушан Самбеталиева, дәрігер-эпидемиолог: «Санитарлық-эпидемилог талаптарға сәйкес келмейді, жеке автокөлікпен ет әкелінген. Іші лас, құстың, малдың қоқыстары, малақтары бар дегендей. Алдында әкелінген ет қалдықтары да қалып қойған. Ешқандай дизенфекциялық ерітіндімен жуылмағаны көрініп тұр.»
Таңертең жеткізілген сиыр еті қазір санаторийдің ауласында тұр. Мекеме басшысы оны зертханалық тексеруден өткізбек. Егер күдік расталса, құжаттар тиісті орынға жолданатын болады.