Оқуға әрқашан уақыт табылады

340

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мектепішілік «Readingtime» жобасы өткізілуде. Зияткерлік мектептердің «100 кітап» жобасы аясында, үштілділікті қолдау бағыты бойынша, тарихты білуге, Қазақ халқының мәдениетін және өзге ұлттардың мәдениетін сыйлауға тәрбиелеу мақсатында, көркем әдебиетті қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқыту арқылы «Кітап оқу уақыты» жүзеге асырылуда.

002

Бұл жобаны іске асыру үшін мектеп әкімшілігі тарапынан үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде тек оқушылар ғана емес, мектептің барлық қызметкерлері, оның ішінде қызметшілер де кітап оқуға мүмкіндік алумен қатар өзіндік даму және танымдық процесіне қатысады.

Аталған жобаны қолдау мақсатында ДББҰ «Назарбаев зияткерлік мектептеріне» көмек ретінде 100 кітаптың тізімін ұсынған болатын. Тізімде қазақтың танымал 60 классикалық шығармасы және әлемдік 40 әдеби кітап бар. «Кітап оқу уақытында» балалар мен үлкендердің қолынан ұлттық үздік шығарма — М. Әуезовтің «Абай жолын», сондай-ақ, әлемге танымал жазушылар В.Гюго, Р.Р.Толкиендердің кітаптарын көруге болады.

Мектеп қызметкерлері мен оқушылардың сүйікті кітабын оқуына бар жағдай жасалынған. Барлық қабатта қойылған ыңғайы дивандар, көз тартарлық гүлдер оранжереясындағы орындар, ыңғайлы орындықтармен жабдықталған кітапханада сиқырлы кітап әлеміне енуге мүмкіндік өте мол.

Айта кету керек, Назарбаев зияткерлік мектептері оқу мен тәрбие процесінде жетістікке жету жолында жаңа технологияны қолдана отырып, тәжірибе жүзінде қолдануда. «Кітап оқу» жобасы да соның маңызды бір бөлігі.

Оқушыларға тек әдеби кітаптарды оқу ғана емес, аудиокітаптарды тыңдау да ұсынылады. Дисней балалар фильмі желісіндегі «Frozen», Сомерсет Моемнің «Theantandagrasshopper» т.б.

Оқушылар оқыған әдеби шығармаларын сабақта, кураторлық сағаттарда талқылайды, өз желілерінде түрлі шығармалар жазады, көрмелер ұйымдастырады. Демек, оқушылар рухани баюмен бірге шығармашылық тұрғыда да дами алады.

Осылайша Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» стратегиясына өздерінің қомақты үлесін қосып отыр.