9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні. Осыған орай әлемнің 189 мемлекетінде халықаралық хат апталығы өткізіледі. Жылдағы дәстүр бойынша биыл біздің облыста да бұл даталы күн өз дәрежесінде атап өтілді. «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы басылымдар мен оқырмандар үшін арнайы жазылу күнін ұйымдастырды.
Тәңсәріден бастап Шымкент қаласындағы «Қазпоштаның» орталық ғимаратының алдына жиналғандардың қарасы көп болды. Облыстағы бірқатар мерзімді басылымдар өз оқырмандарымен қауышып, келушілерді өз басылымдарына жаздыруға асықты. Солардың ішінде «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттерінің ұжымы да болды.
Бибісара Пірмағанбетова, зейнеткер:
– «Оңтүстік Рабат» газетін 2 жылдан бері үзбей оқып келемін. Мұнда әсіресе әлеуметтік төлемдерге қатысты барлық ақпараттар жазылады. Бұл газетті таңдаған себебім, газет беттерінен телефон анықтамалығын, қажетті мекеменің мекенжайларын да табуға болады. Біз үшін бұл өте қажетті ақпараттар. Себебі қаланың келбеті адам танымастай өзгеріп жатыр. Мекемелер бір нысаннан екінші ғимаратқа көшіп-қоныстанады. Қариялар оларды таппай, әуре сарсаңға түсіп жатады. Осындайда бізге «Оңтүстік Рабат» газетінің тигізетін пайдасы көп.
Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, оқырмандары көп болсын!
«Оңтүстік Рабат» газетіне алғашқылардың бірі болып облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбі жазылды. Бұл жолы да өз таңдауынан жаңылмаған тұрақты оқырманымыздың айтуынша, мерзімді басылымдардың бірі емес, бірегейі болып жүрген сүйікті газетін асыға күтеді екен. Себебі түрлі тақырыптарда қалам қаузайтын басылым, халықтың мұң-мұқтажын жырлап қана қоймай, оның жақсаруына да өз үлесін тигізуде.
Бұл күні жаңалықтың жаршысы, халықтың көзі һәм құлағы болып отырған «Оңтүстік Рабатқа» жазылғандар аз болған жоқ. Басылымға жазылушылардың басым көпшілігін егде жастағы жандар құрады. Көпшілігі сүйікті газеттеріне жазылу үшін арнайы келгендерін де жасырмады.
Әнипа Байқоңырова, зейнеткер:
– «Оңтүстік Рабат» газеті халықтың мұң-мұқтажын айтып, көпшіліктің әжетіне жарап тұрған бірден бір басылым. Мұнда әлеуметтік, саяси, қоғамдық, мәдени, әдеби мәселелер жазылады. Сондай-ақ, газет ұжымы жастар қауымы мен балаларды да ұмыт қалдырмайды. Айына бір рет «Тоқтама» жастар қосымшасы мен «Балалар әлемі» шығып тұрады. Немерелерім де, балаларым да, келіндерім де, өзім де осы газетті үзбей оқимыз. Алдағы уақытта да газет ұжымы осы алған қалыптарынан танбасын. Жазатын тақырыптар, көтеретін мәселелер көп болсын!
Бүгінде оқырманының артқан үмітін ақтау үшін бар жігерін салып жүрген басылым алдағы уақытта да тың дүниелермен қуанта бермек. Ал, бұл күні дәстүрден жаңылмай, «Оңтүстік Рабатқа» жазылған әрбір оқырман үйіне құр алақан қайтпады. Оларға демеушілеріміз ұсынған кішігірім сыйлықтар тарту етілді.
Айтпақшы…
«Баспасөзге жазылу-2015» осы жылдың соңына дейін жүреді. «Оңтүстік Рабат» газетіне жазыламын деушілер үшін есігіміз айқара ашық.
Ол үшін Шымкент қаласы, Төреқұлов көшесі 15 үйге келсеңіз болғаны.
«Оңтүстік Рабат», №42, 15.10.2014