Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчиллу мырза бастаған ресми делегация өкілдерімен кездесті. Мәртебелі меймандармен кездесу барысында Асқар Исабекұлы Иран шежірелі тарихы, көне мәдениеті бар, бүгінде экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екеніне назар аударды.

Өңір басшысы қос ел басшыларының көмегімен Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-экономикалық байланыстар жыл артып бекемдей түскеніне тоқталып, өңірімізде ирандық кәсіпкерлердің қатысуымен жол салу саласы мен сауда-саттықтағы жобалар табысты іске асып жатқанын айтып өтті.

006

Құрылыстары жүріп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Өзбекстан Республикасының шекарасы – Шымкент қаласы халықаралық көлік дәліздері Азия мен Еуропа арасындағы әріптестік байланыстарды орнатуға септігін тигізетіні, облыс әкімдігі тарапынан өңірдің мүмкіндіктері таразыланып, шетел инвесторларымен бірлесе атқарылатын жобалар айқындалғаны айтылды.

Асқар Исабекұлы Иранда балық шаруашылығы жақсы жолға қойылғанына көңіл бөліп, ирандық кәсіпкерлерді облысымызда балық шаруашылығын дамытуға шақырды. Қазіргі таңда облыс әкімдігі шетелдік кәсіпкерлермен жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын жобаларды іске асыру бойынша келісімге келген.

Иран елшісі Моджтаба Дамирчиллу мырза екі ел арасындағы ынтымақтастық артып отырғанын айтып, Қазақстан мен Иранның мемлекет басшылары қос ел арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту міндетін қойғанын атап өтті. Осы орайда мәртөбелі қонақ Оңтүстік Қазақстан облысы Азия мен Еуропа арасындағы қақпа екенін айта отырып, өңірімізге жасап отырған тұңғыш жұмыс сапары нәтижелі болатынына сенім білдірді.

007

Ирандық кәсіпкерлер шағын су және жел электр станциаларын салуға, туристік қызметтер ұсынуға дайын екендерін айта отырып, балық шаруашылығы саласындағы жобаларды да бірлесе атқаруға ықпал ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ ғылым мен мәдениет саласындағы байланыстарды да нығайтып, Ираннның Исфахан, Хорасан өңірлерінде Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндерін өткізуге, оған өнер иелерімен қатар бизнес өкілдерін де қатысуға шақырды. Кездесу жиынын қорытындылаған облыс әкімі мәртебелі мейманға өз алғысын білдіре отырып, айтылған ұсыныстар бойынша нақты жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі