PISA-2015 келе жатыр…

Биылғы оқу жылында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) үйлестіруімен кезекті PISA халықаралық зерттеуі өтеді. 2000 жылы алғаш рет ұйымдастырылған зерттеу әр үш жылда бір рет болады. Біздің ел PISA-ға осымен үшінші рет қатысқалы отыр. Алғашында 32 елде өткізілген бағдарламаның маңыздылығын түсінген мемлекеттердің саны артып келеді. PISA 2015-ке 70 ел қатысады деп күтіліп отыр.

Сонымен PISA дегеніміз не? Programme for International Assessment деп тармақталатын халықаралық зерттеуге 15 жастағы білімгерлер қатысады.

40-008

PISA-ның ресми сайтында бағдарламаның мақсаты – 15 жастағы білімгерлердің мектепте алған академиялық білімі мен дағдыларын түрлі өмірлік жағдайлар мен өз әлеуметтік қатынастарда қолдану қабілетін анықтауға бағытталған деп жазылған.

Демек, оқушының мектепте алған білімін өмір сүруінде қалай пайдаланатынын білу. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері бойынша түрлі елдердегі білім беру үрдісі де салыстырылады.

PISА-ның сұрақтары үш бағыт бойынша жіктеледі. Біріншісі, оқу сауаттылығы. Екіншісі, математикалық сауаттылық. Үшіншісі, жаратылыстану сауаттылығы. PISA-2012 кезінде математикалық сауаттылыққа басымдық берілді. 2012 жылы PISA-ға Қазақстаннан 418 білім беру ұйымынан барлығы 5808 білімгер қатысты.Біздің білімгерлер математикалық сауаттылық бойынша PISA-2012-де 432 ұпай жинады. ЭЫДҰ-ның орташа ұпайы 494 ұпай болды. Осылайша біздің ел PISA-ға қатысушы елдердің нәтиже рейтингінде тізімінде 49-орынға жайғасты. Ол кезде 65 ел қатысқан еді.

Сол кездегі қорытынды Қазақстанның 15 жастағы білімгерлері күрделілік деңгейі бойынша жоғары логикалық сұрақтарға жауап бере алмайтынын көрсетті.

PISA-2012-ге Оңтүстік Қазақстан облысынан 1301 білімгер жіберілді. Бұл білімгерлер облысымыздағы 44 мектеп пен мен техникалық және кәсіби оқыту орталықтарының оқушылары болатын.

Жоғарыда айтқанымыздай, 2012 жылдың зерттеуінде математикалық сауаттылыққа басты назар аударылды. Республика бойынша математикадан тест тапсырмаларын орындау пайызы орташа есеппен 41% болды. Ал, PISA-ға қатысушылардың саны жөнінен елімізде көш бастаған ОҚО білімгерлері тапсырмаларды орындау пайызы бойынша 31% көрсеткішке ие болды. Жаратылыстану бағыты бойынша да орташа пайыз 30% болып, республикалық орташа деңгейден 10%-ға төмен болды.

Сүндет Санаев, ОҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– 2013-2014 оқу жылында PISA-2015 халықаралық апробациялық зерттеулеріне алдын-ала дайындығын тексеру шарасына облысымыздан 11 білім мекемесі қатысып, зерттеу қорытындысында білім алушыларымыз математикалық сауаттылық бойынша дұрыс жауап бергендер пайызы – 28,6%, жаратылыстану сауаттылығы – 28,2%, оқу сауаттылығы – 38,2% пайыздық көрсеткіш көрсетті. Бүгінгі таңда білім басқармасы тарапынан PISA-2015, TIMSS-2015, PIRLS-2016 халықаралық зерттеулерін ұйымдастыру және өткізу туралы іс-шаралар жоспары бұйрықпен бекітіліп, бақылауға алынып отыр.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы PISA-ға Қазақстаннан 6 мыңға жуық білімгер қатысады.

Білім сауаттылығы жөнінен оңтүстікқазақстандықтар артта қалды. Біздің еншімізде – 28%.

Мінекей, біздің облыс PISA-2012-дегі көрсеткіштері жөнінен республика көлемінде басқа аймақтармен салыстырғанда үш бағыт бойынша да көштің соңына ілесті.

Енді PISA-2015-те жаратылыстану бағыты бойынша тапсырмалардың саны басым болады. Тапсырмалардың формасы да әр алуан болып келеді. Тапсырмада сызба, диаграмма, тест, логикалық сұрақтар қамтылады.

PISA-ны өткізу мерзімі 2015 жылдың сәуір айына жоспарланған. Оңтүстік Қазақстан облысынан неше білім беру ұйымы қатысатыны әзірге белгісіз. Өйткені зерттеуге қатысатын білім беру ұйымдарының тізімін АҚШ-тың WESTAD халықаралық ұйымы іріктейді. Қатыстырылатын мектептер мен оқыту орталықтарының тізімі PISA-ның басталуына бір ай уақыт қалғанда жария етіледі.

WESTAD іріктеуді қалай жүргізеді? PISA-ға 15 жастағы оқушылар қатысатындықтан оқу жылының басында барлық білім мекемелеріндегі 15 жасар оқушылардың деректер базасы жинақталып, WESTAD-қа жіберіледі. Америкалық ұйым аталған білім мекемесінің оқыту тіліне, ауылдық, қалалық статусын, сыныптағы оқушы санына қарай іріктеу жүргізеді. Осында айта кетер бір жайт, PISA-ға сыныптағы 15 жастағы оқушы саны 38-ден кем емес мекемелер ғана жіберіледі. Яғни, PISA-ға іріктелген білім мекемесінен 38 білімгер қатысады.

Олар 2 сағат тест тапсырып, 35 минут сауалнама толтырады. Тест кітапшалары жауаптарымен бірге АҚШ-тағы халықаралық ұйымға жіберіледі, қорытындысы сол жақта шығады.

Айтпақшы…

Биылғы оқу жылында оқу жетістіктерін сырттай бағалау (бұрынғы МАБ) өткізілу уақыты қай күндерге сәйкес келіп отыр?

– Оқу жетістіктерін сырттай бағалау өткізу уақыты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес 2015 жылғы сәуір айында өткізілу жоспарлануда. ОЖСБ-ға қатысатын мектептер тізімі мен пәндерді Министрлік анықтайды және тізім ОЖСБ өткізуге 1 ай уақыт қалғанда белгіленетін болады. Жалпы ОЖСБ-ға барлық мектептердегі 9-сынып оқушылары толығымен дайындық жұмыстарын жүргізу қажет,-дейді ОҚО білім басқармасының бөлім басшысы Сүндет Санаев.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №40, 01.10.2014