Сайрамда бар сансыз баб

Қарашаш ана кесенесі

Қарашаш ана кесенесі

Қарашаш ана кесенесі – ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші. Сайрам ауданы Сайрам ауылындағы ескі зират аумағының негізгі екі көшесі қиылысына жақын жерде орналасқан. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Яссауидің анасына арнап салынған.

Қарашаш ана кесенесі

Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол текті адам, Сайрамдағы танымал Мұса шейхының қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты және көрегенді әйелдерінің бірі болды. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Аңыздар бойынша Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік арманына айналды.

Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың бұндай типі кейінгі  ортағасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынды. Ол 27 х 27 х 5 см мөлшерлі төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Сондай-ақ, құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылды. Кесене сапалы материалдардан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылды. Екі ғасыр ширегінде ескерткіш бұзылған жоқ. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің өлшемі 6,3 х 6,3 метр. Ғимарат бұрыш қалқандарына негізделген барабанда тұрған күмбезбен аяқталады. Күмбез биіктігі 7,08 метр. 1996 жылы күмбезді жапырақты ақ қаңалтырмен қаптады. Оңтүстік жіне оңтүстік-батыс қасбеттері ұзын сүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктер бар.

Айша бибі кесенесі

Ішкі бөлігінде күмбез ұшы сыланған, кіреберіс үстіндегі жарық саңылауы ағаштан жасалған панжар торымен жабылған. Құм тығырындағы едендер кірпіштен қаланған. Кесененің орталық бөлігінде мрамор тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың  бейіті орналасқан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.

Ибраһим ата кесенесі

Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Ақсу ауылы жолында Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Алғашында кесене XVI – XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта салынды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды.

Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған.  XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болды. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы аңыздар тараған. Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады.

Ибраһим ата кесенесі

Кесене бір камералы, шаршы түріндегі құрылыс. Ибраһим ата кесенесінің алаңы 7,2х7,2 м, ал ұзындығы – 8,25 м. Имарат бір орын-жайы бар екі деңгейлі болып келеді. Оңтүстік жағында кіреберіс, батыс жағында ағаш жақтаулы терезе орналасқан. Ішкі қабырғалары әрленген, еден кірпішпен қапталып үстінен цемент араластырылған балшықпен сыланған. 50-жылдары күмбез құлағаннан кейін кесене төбесі ақ жапырақты қаңалтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде терең емес сүйір ұшты текшелері бар порталдар бар. Ұзақ уақыт бойы жолдың шетіндегі төбеде тұрған кесене қатерлі жағдайда болды. 90-жылдары жолды 20 метрге ауыстыруға және кесене негізін топырақ қатпарымен бекітуге қаржы бөлінді.  

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №40, 01.10.2014