«Ордабасы» алаңы, 2014 жыл

Жыл сайын «Қала күні» мерекесін атап өтеміз. Өркениетті елдердегі дәл осындай мерекеден бір мысқал да қалыспауға жанталасамыз. Тіпті қайбір жылы қала күнін атап өтуге жауаптылар мұғалімдерге жаппай көкөніс, жеміс-жидектің киімін кидіріп, шоу-парад ұйымдастырды. Бірақ, қала күнін атап өткенде оның жасы нешеде екенін білу маңыздырақ секілді.

«Ордабасы» алаңы, 2014 жыл
«Ордабасы» алаңы, 2014 жыл

Әр қаланың өз тарихы бар. Десек те Шымкенттің тарихы әлі толығымен зерттеліп-зерделенген деп айта алмаймыз. Өйткені оның жасы ресми түрде бекітіліп, жария етілген жоқ. Тек 2003-2008 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарынан соң жарыққа шыққан «История Шымкента. 2200 лет по археологическим источникам» деген кітапта шаһарға қатысты мәліметтер жария етілген болатын. Онда қазіргі археологиялық дереккөздерге сүйене отырып, Шымкентке ең кемі 2200 жыл екеніне дәлелді ақпарлар келтіріліп еді. Бірақ, бұл әлі ресми түрде жария етілмеді. Соған қарағанда әлі де зерттеу жұмыстары жалғасын табатын сияқты. Осы ретте біз түрлі сала мамандарының пікірін біле отырғанды жөн санадық. Сонымен, Шымкенттің жасы қаншада?

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушыМархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

– Мен бұл мәселені басылым беттерінде талай жаздым. Археологтардың жасаған тұжырымына қосыламын. Тіпті арнайы кітап жарыққа шығып, онда нақты дәлелдер де келтірілген. Алайда жергілікті биліктегілер мұнымен келіскісі келмейтін сияқты. Талай басқосуларда қала, облыс басшыларының алдында қаланың жасын 2200 деп рәсімдеу қажеттігін көтерген болатынмын. Алайда жауап жоқ. Биыл 2200 жылдық той атап өтілсе деген ниет болып еді менде. Бірақ, билік тағы үнсіз қалды. Айта кетейін, тойлау дегенде ұлан-асыр той жасап, шашылудың еш қажеті жоқ. Халықаралық деңгейде конференция ұйымдастырылып, жұртшылыққа қала жасын мәлімдеудің өзі жетер еді.

1990 жылдар
1990 жылдар

Азамат ЕРГЕШБАЕВ, археолог

Азамат ЕРГЕШБАЕВ, археолог:

– Шымкенттің жасын анықтауға байланысты 2003-2008 жылдар аралығында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгенін білесіздер. Оны жүргізген археологиялық топта өзім де мүше болдым. Біз қаланың тарихына үңілерде түрлі қазба жұмыстарын жүргізіп, тіпті жерді 20 метрден астам тереңдікке дейін қазып, жәдігерлер таптық. Оны зерттеу жұмыстары ұзақ жылдар жүргізілді. Нәтижесінде қала біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырда пайда болған деген тұжырым дәлелденді. Мұны көрші елдердегі тың деректер де растайды. Мұнан соң біз Шымкентте басқосу ұйымдастырып, осы мәлімдемені көпшілікке жарияладық.

 

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, тарихшы, шежіреші

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, тарихшы, шежіреші:

– Негізінде бүгінгі шаһар Шымкент аумағында о баста Қаңлы мемлекетіне қарасты кішкене қамал болған. Бірақ бұл көп айтыла бермейді. Оны Ақсақ Темір тарихына үңілсеңіз, анық аңғаруға болады. Ал Шымкенттің жасына қатысты жасалған 2200 жыл деген болжамға келер болсам, ол шындыққа жанасады. Бірақ, бұл зерттеу жұмыстары әлі пысықталуы қажет. Себебі ешбір тарихи жазба жоқ.

Кейбіреулер Шымкентке қала мәртебесі қазан айында берілгендіктен оны осы айда тойлау үрдіске айналған деп жүр. Мұнымен мүлдем келіспеймін. Шымкент – қала статусын 1921 жылдың қараша айында алған. Оған дейін Шымкент уезі «Черняевка» деп аталған.

1970 жылдар
1970 жылдар

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ОҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Тарих – ол біздің кешегі өткен күніміз. Сол себептен оны зерттеу мұқияттылықты, шынайылықты қажет етеді. Қала жасына қатысты мәселе облыстың зиялы қауым өкілдерінің бірнеше басқосуында қызу талқыға түсіп келеді. Былтыр қаланың жасына қатысты тарихшылар тарапынан мәлімдеме жасалынып еді. Қала тұрғыны ретінде сол зерттеудің шындыққа жанасатынын айта кеткім келеді. Өйткені зерттеу барысында небір білікті мамандар тер төге еңбек етті және болжамдарына дәлелдері бар.

 

 

Бахадыр НАРЫМБЕТОВБахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

– Шымкенттің жасына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері қызу талқыға түсіп келе жатыр. Біздің археологтарымыз қаланың құрылғанына кемі 2200 жыл болған деген болжам жасаған болатын. Әрине, мұнымен келіспеске болмайды. Себебі шаһардың тарихы тереңде жатыр. Алайда оны нақты бекітпедік. Біз бұл мәселе бойынша Бельгия, Англия, Ресей және Жапония елдерінің археолог мамандарына ұсыныс жіберіп қойдық. Жақын күндері шетелдік мамандар тарапынан бұл мәселеге қатысты жауап келуі керек. Егер ондағылар бізге келуге келісім берсе, арнайы басқосу өткізіп, солардың зерттеулерінен соң барып қала жасын нақты мәлімдейтін боламыз.

Түйін: 

Сонымен, көптің пікірі осындай. Ендігі жерде Шымкенттің жасы анықталып, ресми түрде жарияланса деген ниет бар. Ортақ қаламыздың тарихын білмеу – өзімізге сын.

Сауалнаманы жүргізген – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014