Шымкентке — 2200 жыл

1325

Шымкенттің жасы 2200 жылдан асты. Бұл туралы археологтардың халықаралық ғылыми конференция барысында айтылды. Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бір ауыздан растады. Бірақ датаны атап өту үшін, ЮНЕСКО мақұлдауы керек. Қаланың жасын бірнеше жыл анықтаған ғалымдар алғашқы қадамын жасады. Ал 2200 жылдық қала атанып, оны тойлау 2017 жылдың еншісінде екен.

2200 жылдық тарихты арқалаған Шымкент — көне қалалардың бірі. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымының докторы Бауыржан Байтанаев осылай деді. Майталман археолог өзінің бұл тұжырымын бүгін әлем ғалымдарының алдында археологиялық қазба деректемелерге сай баяндап та, дәлелдеп те берді. Талай жылғы зерттеу жұмысын, осылай түйген.

 

Бауыржан Байтанаев көне Шымкент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу үшін жұмсалатын қаржыны жергілікті билік өкілдерінің бөлгенін жеткізді. Нәтижесінде қаланың дәл орталығында орналасқан археологиялық орыннан көне дәуірге жататын бірнеше жәдігер табылды. Мысал ретінде керамикалық кешенді айтуға болады. Оның жасын ғалымдар Афросиабпен, яғни, Самарқанмен шамалас деп отыр. Яғни, біздің эрамызға дейінгі VIIІ ғасыр.

Осылайша Байтанаев ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерін қорыта келе Шымкент — Қазақстандағы ең көне қала деген тоқтамға келді. Оның бұл тұжырымдамасын Карл Байпақов та , шетелдік ғалымдар да қолдап, ежелгі қалалардың қатарына Шымкенттің де кіретіні жөнінде өз пікірін білдірді.

Карл Байпақов: «Ия, рас, Шымкент — ең көне қалалардың бірі. Тарихы 2200 жылдан көп болмаса, аз емес. Оны зерттеу мұнымен тоқталмайды».

Лионнет Бертий, франция елінен келген зерттеуші: «Археологтар өте жақсы жұмыс істеген. Маған жіберген мәлімметтерімен толықтай танысып шыққанмын. Кітаптарды да оқыдым. Сондықтан 2200 жыл дегенмен келісемін. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қаланың тарихы терең.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=CsLyIggFxro[/youtube]

«Шымкент — 2200 жылдық тарих» тақырыбында өткізілген халықаралық ғылыми-конференцияға жиналғандар көне шаһардың жасын бекітіп, ЮНЕСКО көлемінде атап өтуді ұсынды. Ол үшін ұлттық комиссия қажетті деректердің саралап, ұсыныс беру керек екен. ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің атынан келген Юрий Пешков дәйектердің жеткілікті екенін жеткізді.

Юрий Пешков, ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің өкілі: «Шымкенттің көнелігін дәлелдейтін фактілер айтылды. Жылдар бойы жиналған. Бұл қаланың 2200 жылдығын атап өтуге тұрарлық негіз деп ойлаймын. Ендігі жұмыс ұлттық комиссияға тиесілі. Өтінім берсе, келер жылы қарауға дайынбыз. 2016 немесе 2017 жылы шымкенттіктер туған қалаларының 2200 жылдығын атап өтеді деп сендіре аламын».

Тарихқа тұнған Шымқаланың жасы ресми түрде расталмаса да тағы бір жасқа өсті. Сан жылдар бойы еткен еңбек ақталып, Шымкенттің 2200 жылдығы да тойланатын күн алыс емес. Халықаралық конференцияға жиналғандар жергілікті археологтардың деректеріне сүйене отырып, осындай шешімге келді.