Шымкент қаласында республикалық деңгейдегі саясаттанушылар бас қосты. «Алтын орда» бизнес орталығында өткен жиналыс «Мәңгілік ел – ұлттық идеямыздың түпқазығы» Қазақстан — 2050 стратегиясын» жүзеге асыруға арналған.
Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, белгілі саясаттанушылар Ерлан Қарин, Айдос Сарым және тағы да басқа ел ағалары қатысты. Конференция жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, конференцияға қатысушыларға алғысын білдірді.
Берік Уәли, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы: «Елбасының 2014 жылғы 17-қаңтардағы «Қазақстан жолы — бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында ұлтты ұйыстырып, еліміздің әрі қарай дамуына жоспар жасап бергені белгілі. Ұлытау төріндегі сұқбатында да мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясының өзектілігін атап өткен болатын. Осы ретте Оңтүстік өңірінде осындай маңызды шара ұйымдастырып отырмыз».
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов сөз алып, Елбасы жолдауы бойынша атқарылып жатқан бірқатар мәселелерге тоқталды.
Айдос Сарым, саясаттанушы: «Әсіресе қазіргідей геосаяси күрделі ахуал қалыптасып отырғанда осындай жиынды өткізу — өзекті. Біз тәуелсіз ел болғанымызбен, осы уақытқа дейін экономика дедік, басқа дедік. Тарихи жадыны жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесін бүгін айтуымыз керек. Қазір бізде орыстілділер мен қазақтілділердің арасында алшақтық бар. Бір мүддеге жұмылатын, жұмылдыратын кез келді деп есептеймін».
Белгілі саясаткер Ерлан Қарин «Ұлттық идея дегеніміз не?» деген сұраққа берілген А.Сейдімбектің, Б.Тайжанның, М.Құл-Мұхаммедтің, Г.Бельгердің, Ә. Кекілбайдың берген жауаптарынан мысалдар келтірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдардағы жолдауларының тақырыптарын тарқатып, олардың әрқайсысы стратегиялық мақсаттарда айтылатынын тілге тиек етті. «Мәңгілік ел» идеясын тарихшылар алыстан іздейді. Жиынға қатысушылар мәңгілік ел идеясын қолдайтын осындай жиынның өтіп жатқанын қолдап, Қазақ елі болып қалыптасуымызға үлкен септігін тигізетінін айтты.
Дереккөз: Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі