Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жалпықалалық сенбілік өтті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек хабарлайды. Тазалық шарасына облыстық, қалалық мекеме қызметкерлерімен қатар қала тұрғындары, студенттер жұмылдырылды.
Сенбілік барысында зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар көшет отырғызып, қаланың барлық саябақтары, арықтары, жүргінші жолдарын тазалады. Ағаштар әктеліп, қоқыстар шығарылды.
Қала тазалығы үшін ұйымдастырылған сенбілікке жалпы саны екі мыңға жуық адам қатысып, 35 техника жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 10-18 қазан аралығында барша шымкенттіктер қала күнін атап өтеді. Қала әкімі Дархан Сатыбалды осыған орай сүйікті шаһарымызды күл-қоқыстан тазартып, гүлденуіне бір кісідей атсалысуға шақырады.