Нұрлы қалам — Түркістан. Түркістандықтар да қала күнін атап өтті. Тарихы терең, киелі мекеннің туған күнінде бірнеше әлеуметтік нысандар ашылды. Мереке күні 140 жанұя қоныс тойын тойлады. Талай жыл баспана кезегінде тұрған ағайын мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, қос мерекені көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті.
Талай жыл баспана кезегінде тұрған түркістандық 140 отбасы «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген 60 және 80 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үйге қоныстанды. Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 633 миллион теңге жұмсалған. Осылайша талай жыл баспана тауқыметін тартқан тұрғындар мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, игілігін сезінді.
Мейрамкүл Керімбекова бұл қуанышты көп күткен. Көпбалалы ананың жалғыз арманы — баспаналы болу еді. Ол үшін кезекке тұрған, шыдамдылық танытқан. Нәтижесінде су жаңа пәтердің кілтін қолына алып, қуанышын жиналған жұртпен бөлісті.
Мейрамкүл Керімбекова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Бүгін «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша қолымыз пәтерге жетіп отыр. Мемлекет басшысына рахмет! Халықтың қамын ойлады. Үйдің жылы суы қосылған, газ жанып тұр. Біз бұған қуаныштымыз!»
Айта өтейік, Түркістан қаласында бір жарым мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр. Жергілікті билік осы мәселені оңтайлы шешудің жолын қарастырып, көне шаһардың шығыс бөлігіне жаңа шағынаудан салуды көздеп отыр. Бұл мақсатқа жобалық-сметалық құжаттар әсімделді.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі: «Бірінші кезекте үйді тұлжетім балаларға бердік. Қалғанын кезекпен, теңдей бөлініп,әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тұрғындарға бердік. Яғни көпбалалы ана, жалғызбасты ана, екінші, бірінші топтағы мүгедектерге, үйге мұқтаж азаматтарға бөліп беріп жатырмыз.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jtt60WU1Dg8[/youtube]
Келер жылы қазынадан қажетті қаржы бөлінсе, әрқайсысы 60 пәтерлік 5 тұрғын үй салынбақ. Қалалық әкімдік осылайша баспанаға мұқтаж түркістандықтардың өтінішін кезең-кезеңімен шешуді қолға алмақ.