Кез келген көлік жүргізуші жолға шығарда алдымен жолдың сапасын бірінші назарға алатыны белгілі. Тек жүргізуші емес, жолаушы да жолдың тақтайдай тегіс болғанын қалайды. Өйткені кедір-бұдыры жоқ жолда керемет тынығып, барар жерің қысқара түседі. Бірақ бұл бақыт бәріне бірдей бұйыра бермейді. Шалғай аймақты айтпағанның өзінде қаланың қақ ортасындағы кейбір жолдардың сапасы сын көтермейді. Жөндеуден жиі өткенімен, кейбірі қыстан соң қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Себеп – жұмыстың сапасыз-дығында екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте аз ғана уақыттың ішінде жарамсыз болып қалатын жолдың ондай күй кешуінің негізгі себебін білуді жөн санап, құрылыс жұмыстарын бақылаушы инженер-сарапшы маманның пікірін білуді жөн санадық. Бұл мәселе инженер-сарапшы Сұлтанбек Омаровты да бей-жай қалдырмауда. Оның айтуынша бізде жол жөндеу жұмыстары коммуналдық қызметтердің жұмысы толығымен жүзеге асырылғаннан соң қолға алынатындықтан жол сапасына нұқсан келуде екен. Яғни, күзден соң қыс түсіп, толығымен кеппеген асфальтті-бетон қоспасына су араласып, салынған жол ылғалданып, ажырауына себепші көрінеді. Кедір-бұдыр жолдардың пайда болуына себеп тек қана бұл емес. Тегіс жолдың ойық-ойық күйге енуі мердігер компаниялардың жауапсыздығынан, яғни, талапқа сай емес материалдарды қолданып, үнемшілдікке жол беруі, жұмысты әйтеуір аяқтау керек екен деп мойнына жүктелген іске жүрдім-бардым қарауынан көлік жүргізушілері мен жолаушы зардап шегуде. Сарапшы маман бізде көбіне жол құрылысы барысында «Жол-құрылыс материалдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы ҚР Үкіметінің қаулысындағы ережелер сақтала бермейтінін ашып айтты. Осы ретте айта кетейік, жол-құрылыс материалдарын өндіру және қолдану кезінде шикізат материалдарының сапасы ерекше назарға алынуы қажет. Сондай-ақ, құрылыс кезінде физикалық қауіп-қатер факторларын да ұмытпаған жөн. Ол үшін беріктік, жылу мен суға төзімділігіне сай арнайы түйіршіктер қолдануға тиіс.
Сұлтанбек ОМАРОВ, «Тұран-құрылыс» ЖШС-нің инженер-сарапшысы:
– Жол жөндеу және салу жұмысы аса мұқияттылық пен талапты қажет етеді. Өйткені сапалы жұмысқа қол жеткізудің өзіндік ережелері болады. Болмашы қателік бүкіл жұмысты жоққа шығарады. Әсіресе құрылыс материалдарын таңдарда оның сапасына ерекше мән беру керек. Жасыратыны жоқ бізде кейбір компаниядағылар осы мәселеге назар аудара бермейді. Оның үстіне кез келген жолды саларда арнайы лабораториядағылар оның сапасын бақылап, қорытынды жасайды. Тек солардың келісімімен ғана компания жұмысын жалғастыра алады. Жол құрылысын бақылауға аларда өзімнен мұқияттылықты талап етемін. Себебі мойныңа жүктелген жұмысты адал атқару керек. Бүгінде еуропалық стандарт бойынша жол қалыңдығы 65 см-ден кем болмауы тиіс. Ерекше атап өтерлігі, салынатын жол жері бекітіліп, тегістеліп, құрылысты бастауға дайын болған соң қажетті төсемелерден соң 0,5 см қалыңдықта битумды қабат, мұнан соң 10 см қалыңдықта ірі түйірлі асфальт, кейін 5 см қалыңдықта ұсақ түйірлі асфальт төселуі тиіс. Өкінішке қарай бізде көбіне осы жайт ескеріле бермейді. Бірақ жолдың барлығы дерлік сапасыз деген де болмас. Талапқа сайы да бар. Солардың бірі – Арғынбеков, Адырбеков көшелері.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №40, 01.10.2014