41-019Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүктілікке және босануға байланысты қандай әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылатындығын білесіз бе? Осы және өзге де оқырмандарымыздың тарапынан келіп түскен төмендегіше сауалдарға Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы ОҚО филиалының директоры Сағира АЙТАНАЕВАНЫҢ жауабын ұсынамыз.

Сұрақ: 

– Жүктілікке және босануға байланысты төлем тағайындау үшін өтінішті қайда апарып өткізу керек?

Жауап: 

– Жүктілікке және босануға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (ҚОР) төлем тағайындау үшін өтінішті тұрғылықты жердегі Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының (ЗТМО) аудандық (қалалық) бөлімшесіне өткізуі қажет.

Сұрақ:

– Ол үшін нақты қандай құжаттар өткізеді?

Жауап:

– Өтінішпен бірге мына құжаттар мен олардың көшірмелері болуы керек:

– Жеке куәлік;

– Тұрғылықты жері жайлы мәлімет (тұрғылықты жері жайлы анықтама, немесе ауыл (пос) әкімінің анықтамасы);

– Екінші деңгейлі банктің бірінен немесе «Қазпошта» АҚ-нан жеке бет есебі жайлы мәлімет;

– Жұмыс орнынан әлеуметтік жағдай туындаған уақыттан бұрынғы 12-айдың орташа айлық табысы жайлы анықтамасы;

– Уақытша жұмысқа жарамсыздығы жайлы парақшасы (больничный лист);

Жұмыспен өзін-өзі қамтамасыз еткендер үшін қосымша мынадай құжаттар қажет етіледі:

– Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі жайлы мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесі;

– Салық органдарының салық және басқа да міндетті төлемдері жайлы салыстыру актісі.

Сұрақ:

– Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем кімге төленеді?

Жауап: 

– Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына тағайындалады, егер де ол Қордан төлем алу құқығы болған жағдайда, яғни жұмыс беруші сол жұмысшыларға Қорға ай сайын 5% көлемінде әлеуметтік аударым жасап отырған жағдайда төленеді.

Сұрақ: 

– Жүктілікке байланысты төленетін әлеуметтік жәрдемақы қалай есептеледі?

Жауап: 

– Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген (толық кезеңіне) жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілген күннен бастап.

Қордан әлеуметтік төлемді тағайындау, ол барлық қажетті құжаттарды ЗТМО бөлімшесіне өтініш берілген, Қордан әлеуметтік төлемдер тағайындауға өтініш берілген күн деп есептеледі.

Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда Қордан төленетін әлеуметтік төлемге құқық туындаған күннен бастап 12-айдан аспауға тиіс.

Сұрақ: 

– Мысалы, жүкті әйелге жұмыс беруші айлық төлеп отырған, ол орташа табысы жөнінде қажетті анықтама берген, бірақ соңғы 2 айда Қорға аударым жасалмаған. Бұл жағдайда не істеуге болады? 

Жауап: 

– Әлеуметтік аударымдар мен жұмыс орнынан берілген анықтамада көрсетілген мөлшерінің сәйкессіздігі, яғни нақты әлеуметтік аударым мен міндетті зейнетақы жарнасы дұрыс болмаған жағдайда ЗТМО бөлімшесі өтініш берушіні ай сайынғы табысының сәйкессіздігін жұмыс орнынан анықтау үшін кері қайтарады.

Сұрақ: 

– Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем мөлшері қалай анықталады?

Жауап: 

– Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем мөлшері табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффицентіне көбейту арқылы айқындалады.

Әлеуметтік аударымдарды есептеу ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік 12 ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасына 12-ге бөлу арқылы айқындалады.

Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффиценті еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік 30 күнге бөлу арқылы айқындалады.

Мысалы: әйелге 126 күнтізбелік күнге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген. Ай сайынғы орташа табысы 60 000 теңге болған. Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем мөлшерінің орташа табысы 54000 теңге болып есептеледі, одан қорға 5% әлеуметтік аударым жасалып отырылған, яғни есептелген табыстан 10% міндетті зейнетақы мүшелік жарнасы ұсталынады (60 000 теңге – 6 000 теңге (10%) = 54 000 теңге. Орташа айлық табысы 54 000 теңге болады (648 000 теңге: 12 айға).

Күндер санының коэф-фиценті тиісінше 4,2 болады (126 күн: 30 = 4,2) болады.

Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері мынадай болады:

54 000 теңге х 4,2 = 226 800 теңге. Осы мөлшерден (226 800 теңге) 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынып және ол алушының есебіне аударылады. Сонымен, төлемге 204 120 теңге тиесілі болады.

Мына жағдайды атап айту қажет, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем сол ай үшін ЗТМО арқылы, алушының банкідегі бет есебіне аударылады, ал тағайындалған әлеуметтік төлем мөлшерінен 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынады және ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (ЕНПФ) аударылады.

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014