«Өмірді сақтап қалуға мүмкіндік бер.» Ағзаға мұқтаж жандардың жағдайына алаңдаған «Үміт» қоғамдық бірлестігі жалпақ жұртты донор болуға шақырды. Өңірлік дәрігерлермен бірге атқарған жобаларының қорытындысын шығарды. Осылайша «үміттіктер» мен өңірімізде трансплантация саласының баспалдақтарын бағындырып келе жатқан хирург-дәрігерлер адам ағзасын қажет ететін жандардың көп екенін жалпақ жұртқа ұғындырдық және ұғындыра береміз деп бел байлап отыр.

Өзгеге өмір сыйлап, донор атану оңай емес. Мұны «Үміт»қоғамдық бірлестігінің мамандары да растайды. Ағзасын өзгеге беріп, өмірін ұзарту мәселесіне келгенде көпшілік басын алып қашады. Бірақ, осындай қиындықтарға қарамай, донор болуға шақырған «үміттіктердің» жобасы діттеген көрсеткішке жетіпті. Аз уақыттың ішінде донор болуға бір ауыздан келісетіндердің қатары 36 пайызға көбейіпті.

Мұрат Өскенбаев, «Үміт» қоғамдық бірлестігінің президенті: «Біз көп жұмыс жасадық. Ағзаға мұқтаж жандардың өмірін ұзартуға, кез келген адамның донор бола алатынын айтып, оңтүстікқазақстандықтарды жобаға қатыстыру оңайға соқпады. Бізде қайтыс болған адамның ғана ағзалары алынып келген, онда да туыстарының рұқсатымен. Бізге қарсылық білдірген жандардың жартысы «Бұл – дінге қарсы» деп жатты. Алайда мұсылман діні мен христиан бағытында өзгеге өмір сыйлау – қайырымды іс деп көрсетілген».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4g2OblbfeTw[/youtube]

Дегенмен, елімізде органдық трансплантология бірте-бірте дамып келеді. Егер 2012 жылы 62 трансплантация жасалған болса, былтыр осындай ота саны 173-ке жетті. Жыл басынан бері еліміз бойынша 60 трансплантациялық ота іске асырылды. Ал Шымкентте соңғы жылдары 26 адамның бүйрегі алмастырылған. Олардың өмірін ұзартуға туыстары үлес қосты. Ал өздігінен ағзасын беретіндер жоқтың қасы дейді мамандар.

Жобасын алғаш рет Шымкентте бастаған «үміттіктерә сауалнамаға қатысқан он мың адамның 45 пайызы өз ағзасының мүшесін мұқтаж жандардың пайдалануына қарсы болмағанын айтады. «Үміт» белсенділерінің бастамасын, әсіресе, жаңашыл жастар қолдады.

Белсенділер дамыған елдермен салыстырғанда бізде органға зәру жандардың қабағына қарайтын донорлар аз екенін жасырмайды. Қалай дегенмен, «Үміттіктер» донорлыққа сауатты көзқарас танытатын кез жетті деп біледі.