Қоғамдық қабылдауға сенім артып келетіндер көп

252

Әр жұмада жүйелі түрде өтеті қоғамдық қабылдау бүгін де жалғасын тапты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы өткізген ашық әрі жариялы қоғамдық қабылдауға соңғы үмітін арқалай келгендер көп болды. Басым бөлігі тұрғын үй мәселесін шешіп беруді сұранса, енді бірі жұмыстан заңсыз шықтым деп келген.

Бақытгүл Умашова қоғамдық қабылдау болады дегенді естіп, Теріскейден тау асып келген. Айтуынша, Таукенттегі фирмалардың бірінде жұмыс істеп жүргенде компаниялар ауысқан. Жаңадан келген компания басшылығы бұл кісіні өз орнында қалдырмай, жұмыстан шығарған. Заңсыздықтың құрбаны болдым деген азаматшаның жұмыс берушіге өкпесі қара қазандай.

Бақытгүл Умашова, Созақ ауданының тұрғыны: «Жұмыстан не себепті шығарғанын айтпайды. Анда барам, мұнда барам, шаршатып жіберді. Аудан әкіміне де бардым».

Ал еңбек инспекциясы жұмыс берушінің ешқандай заң бұзбағанын түсіндірді. Сөйтіп, бұл азаматшаға аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыздар қатарына тіркелуге кеңес берді. Отбасын асырап отырған ана көз жасына ерік беріп, жұмыссыз жүргені жанына батқанын жасырмады.

Бақытгүл Умашова, Созақ ауданының тұрғыны: «Қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын. Бізде жөнін айтпайды ешкім. Енді не істеймін?»

Ал тағы бір азамат қаладағы білім ордасын салып жатқан мердігер компанияның жұмысшыларына жалақы бермей қойғанын айтып келді. Келісім-шартсыз жұмыс жасағандар екі айдан бері еңбекақысын алмапты.

Заң шеңберінде кеңес берген жауаптылар қабылдауға келген әр арыз партияның жіті қадағалауында болады деді.