Махмуд УРУМБАЕВ

Қазақ ұлтына жат аспап болса да аккордеонның құлағында ойнайтын Махмуд Урумбаевтың тыңдармандары үшін жағымды жаңалық. Ол жуырда кезекті үнтаспасын жарыққа шығарды. Жинақтың таныстырылымы Шымкентте өтті. Аккордеоншының қуанышты сәтін бөлісуге тыңдармандарымен қатар туыстары, өнердегі достары да келді. «Параллели» деген атпен тыңдарман қауымға ұсынылған үнтаспаға Махмудтың 21 авторлық шығармасы енген.

Махмуд УРУМБАЕВ
Махмуд УРУМБАЕВ

Өнерлі жігіт үнтаспасының таныстырылымына біз де арнайы құттықтап барып, өнердегі жаңалықтарынан хабардар болдық.

– Махмуд, үнтаспаңыз құтты болсын! Жинаққа қандай туындылар енді? 

– Рахмет, «Ынтымақ мекені» мен «Магия» атты альбомдарыма 17 шығармадан енген болатын. Ал «Параллелиге» жаныма жақын делінген 21 шығарма кірді. Жинақта авторлық туындыларымнан бөлек шетелдік және отандық композиторлардың әуендері де бар. Оларды аккордеонмен сүйемелдеп, қайта өңдедім.

– Махмуд, бізде өнерлілер көп. Қолына музыкалық аспап алып шығатындар да аз емес. Бірақ аккордеон ұстап шығатындар саусақпен санарлық. Неліктен? Аккордеоншы ретінде осы сауалға жауапты өзіңізден алсақ…

– Ұлы ойшыл Аристотельдің «Ырғақ пен әуенде әрқашан өмір шындығы болады. Онда адамдардың қаһары мен көркемдігі, ерлігі мен байсалдығы бейнеленеді» дегені үнемі есімде. Негізі кез келген музыкалық аспаптың өзіндік қиыншылықтары болады. Соның ішінде аккордеонның назардан тыс қалдырмауға тиіс ережелері бар. Күрделі аспап. Бірақ тілін түсінсең, небір ғажап туындыларды жарыққа шығаруға болады.

Бірінші кезекте қызығушылық болғаны абзал. Тек қана аккордеон емес, кез келген істі бастарда қызығушылығың болмаса жемісін көре алмасың анық. Бастысы, әркім көрпесіне қарай көсіліп, шамасына қарай шабуы тиіс қой (күліп).

– Алғаш рет бұл аспапты неше жаста қолға алдыңыз?

– Бала күнімнен аккордеонға деген қызығушылығым ерекше болды. Бірақ ол кезде аспапта ойнау арман болатын. Кейінірек үйірмеге қатысып, ноталарды үйрене бас-тадым. Есейе Шымкенттегі «Саз» колледжіне оқуға түстім. Кәсіби түрде аккордеонда студент болып жүрген кезімде ойнадым. Алғашқы музыкалық аспабым кішірек болды. Ал екінші аккордеоным кәсіби түрде өнерге келуімнің куәсі болғандықтан үйде сақтаулы.

– Қолыңыздағы аспаптың құнын айта кетіңізші…

– Аккордеон аспабының бағасы 500 АҚШ долларынан басталып 25 мың көк қағазға дейін жетеді. Менің қолымдағы «Roland» фирмасының аккордеоны. 5 мың АҚШ доллары тұрады. Ал үйде «Weltmeister» деп аталатын аккордеоным бар. Оны өнерімді бағалаған өңір басшысы Асқар Мырзахметов сыйға тартқан. Құны 4 мың АҚШ доллары шамасында.

– Сіздің ұлтыңызды білмекке ынтық жандар көп. Есіміңізге қарап…

– Есіміме қарап көбі өзбек ұлтының азаматы деп жатады. Марқұм атамның есімі – Махмуд. Сол кісінің құрметіне орай маған «Махмуд» есімі берілді. Мен ешқандай да аралас ұлттың өкілі емеспін. Қазақтың баласымын. Анам да, әкем де таза қазақ.

– Ол кісілер өнер адамдары ма?

– Жоқ, біздің отбасымызда менен өзгелерінің өнерге еш қатысы жоқ. Әкем ішкі істер органында қызмет еткен жан. Ал анам жеке меншік мекемеде кадр бөлімін басқарған. Бүгінде екеуі де зейнеткерлік жаста. Менен үлкен әпкем шет елде білім алып, сонда тұрып жатыр. Інім де өзге сала маманы. Ал жарым өнердің «фанаты» десем болады. Кәсіби түрде ағылшын тілінің маманы болғанымен әуесқой саксафонист. Үлкен ұлым 10 жаста. Вокалдан сабақ алып жүр. Кішім 4-те. Алла бұйыртса, оның да өнер адамы болғанын қалаймын.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Жыл соңына қарай шымкенттік жұртшылық алдында жеке кешімді ұйымдастырсам деймін. Мұндағы мақсат – атақ немесе ақша жинау емес, жұртшылыққа аккордеон атты аспаптың мүмкіншілігін, одан шығатын әндердің ғажаптығын жеткізу. Ерекше атап өтерлігі, кешті тегін өткізбек ниеттемін.

– Концерт беру, халықты жинау оңай іс емес. Жарнама, сахналық киім, тағысын тағы… мұның бәрі қомақты қаржыны талап етеді. Ақысыз кеш бергелі жатқаныңызға қарағанда демеушіңіздің қалтасы қалыңдау болғаны ма?

– Маңдай термен жиған қаржыға әндер жазып жүрмін. Сондай-ақ жасыратыны жоқ, бізде тойсыз күн көру мүмкін емес. Мені де асырап отырған сол қазақтың тойы. Қатып қалған баға жоқ. Шақырушылардың қалтасымен санасамын. Кейде тегін де өнер көрсететін сәттер болып тұрады. Әнді өңдеумен айналысатын студиям жұмыс істейді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №44, 29.10.2014