Дәл осы тақырыпта кешегі аптада облысымызда азаншылар арасында байқау өтті. Облыстық орталық мешітте тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шарада аудан, ауылдардан ең үздік деген 52 азаншы бақ сынады.

Алғаш рет өтіп отырған игі шараға үлкен жауапкершілікпен келген ұйымдастырушылар бұл байқауды алдағы уақытта да жалғастыратындықтарын айтады.

48-019

– Байқауға қатысушыларға бірқатар талаптар қойылды, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров. – Талапкерлерден Азан сөздеріндегі әрбір әріптің дыбысталуына (махражына) мұқият болуы, Азан сөздерін тәжуид қағидаларына сай айтуы, дауыстың көркемдігі талап етілді. Сонымен бірге Азанға (тарихы т.б) байланысты қосымша сұрақтар қойылды.

Айта кету керек, азаншылар арасындағы байқауға облыс имамы Ахметжан қажы Керімбек, облыс имамының орынбасарлары М.Естеміров, Т.Дәрібаев және Шымкент қалалық мешітінің бас имамы Б.Абдурахмановтар төрелік жасаған.

Азанды көркем айтушылар аз болмады. Дегенмен байқау болған соң жүлдегердің іріктелуі заңдылық. Қазылар алқасы байқаудың барлық талаптарына сай келгені үшін бірінші орынды Түркістан қалалық «Хилует» мешітінің азаншысы Жүсіпбек Қасымбековке берді.

48-018

Екінші орынға Сайрам ауданы, Қарасу елді мекені «Ислам Абад» мешітінің азаншысы Камал Шонтықов лайықты деп танылды.

Үшінші орын – Шымкент қаласы «Исамиддин баба» мешітінің азаншысы Талғат Бейсековке бұйырды. Жеңімпаздарға өкілдік тарапынан арнайы сый-сияпаттар мен дипломдар табысталды. Байқауға қатысқан өзге азаншылар да құр қол қайтпады. Оларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Жарыс соңында облыс имамы Ахметжан қажы Керімбек азан жарысына қатысқан барша азаматтарға алғысын білдіріп, үздік шыққан азаншыларды желтоқсан айында Алматы қаласында өтетін республикалық азаншылар жарысына жолдама берілетіндігін айтып, риза-шылығын білдірді.

Айтпақшы…

Азан айтудың сауабы мол

Орайы келгенде ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары Мұхамеджан Естеміровтен азан айтудың мәні мен сауабы туралы оқырман-дарымызға түсіндіріп беруін өтінген едік.

– Жалпы, Ислам рәміздерінің бірі – азан.  Азан – Алланың және Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) есімін айналаға жар салу. Күніне бес рет намаз оқушыларды мешіт мұнарасынан намазға шақыратын діни рәсім. Шариғатта азан айтушыны – муаззин делінеді.

Азан айту сауапты іс. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай дейді: «Кім он екі жыл азан айтса, оған жәннат уәжіп болады. Оған әр азаны үшін алпыс, ал әрбір қаматы үшін отыз жақсылық жазылады»

Тағы бір хадисте: «Азаншы азан шақырғанда дау-ысы қанша жерге жетсе, сол жердегі жанды-жансыз мақұлықтар истиғфар айтып тұрады. Қиямет қайым болғанда азаншының дәрежесі жоғары болады. Алла үшін азан айтса оған тозақ арам болады», – деген.

Тағы бір хадисте: «Қиямет күні азаншылар пыраққа мініп жүреді, оны көрген ел: ой бұл қайсы пайғамбар, не қайсы шаһиттер, – деп бір-бірінен сұрайды. Сонда Алла Тағала сол елге хабар береді: «Олар пайғамбарлар емес, шаһиттер де емес, жалған дүниеде азан айтқан пенделер». Қиямет күні ең бірінші пайғамбарларды киіндіреді, одан кейін ғалымдарды киіндіреді, Одан кейін азаншыларды киіндіреді. Кімде-кім азан айтса ол жерден шайтан қашады» және «Азан мен қаматтың арасында бір дұға оқыса, шексіз қабыл болады» деген.

«Оңтүстік Рабат», №48, 26.11.2014