Естеріңізде болса, көктемде «Отырар» телеарнасының жаңалықтар қызметі Арыс қаласы маңындағы Қабылсай арнасындағы су өткізгішті топан су бұзып, Саяжай елдімекенінің балалары теміржол өткелі арқылы мектепке қатынауға мәжбүр болғанын жеткізген еді. Мұнан соң облыс басшылығы жаңа көпірдің құрылысына 71 миллион теңге бөлініп, жаңа көпірдің құрылысын бастаған. Енді, міне, саяжайлықтардың қуанышында шек жоқ. Мұнда жаңа көпір пайдалануға берілді.
Сәуле Юсупова, Саяжай елдімекенінің тұрғыны: «Міне, көпір құрылысы бітіп, барлығымыз қуанып тұрмыз. Қазір осы көпірдің үстімен, Құдай қаласа, жедел жәрдем де, отын-суымыз да, күнделікті мектепке барып-келуіміз де жақсарып қалды. Облыс әкімшілігіне, осы көпірдің құрылысын жүргізгендерге алғысымыз шексіз!»
Сәуле Юсупова осы көпірдің мәселесін айтып, кірмеген есігім қалмады дейді. Тіпті, жыл басында өткен облыс әкімінің есебінде Асқар Исабекұлының уәдесін де алыпты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=BQFxkJ2pBGA[/youtube]
Өңір басшысы өз сөзінде тұрып, бүгінде ұзындығы 90 метрлік жаңа көпір ел игілігіне берілді. Өткелді салған — «Алаш Оңтүстік» компаниясы. Ал қала әкімі жыл соңына дейін Арыста тағы бір көпір қолданысқа берілетінін айтады.
Сейіт Ертай, Арыс қаласының әкімі: «Біз жыл соңына дейін Монтайтаа елдімекенінде тағы бір көпірдің құрылысын бітіреміз. Одан кейін келесі жылға, қаланың ішінде, осы Қабылсай су арнасының бойынан тағы бір жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз.»
Жаяу жүргіншілер көпірінің құны 62 миллион теңгеге бағаланып отыр. Ол келер жылдың еншісінде. Ал қазір саяжайлықтар жаңа көпір тұңғыш Президент күніне тарту етілген тосын сый болды деп қуануда.