Бір әулетте бірнеше өрт сөндіруші

Қызығы мен қиындығы мол өрт сөндіруші мамандығында бір отбасынан бір емес, бақандай 6 азамат еңбек етуде. Мақалаға негіз болып отырған Әбубәкіров Жақсыбай Едайұлының әулеті. Бұл әулет жайлы айтарда әңгімені Едай ақсақалдан тарқату ләзім. Себебі бір әулеттен шыққан 6 өрт сөндірушіге тәлімді тәрбие беруге негіз қалаған жан осы Едай ақсақал.

Едай ата 1918 жылы Түркістан өңірі Балтакөл ауылында дүниеге келген. Шәуілдір ауылында бастауыш мектепті бітіре сала, тағдыр тауқыметімен еңбекке ерте араласқан, орталық МТС-те механизаторға көмекші болған, 1938 жылы Сыр бойында орналасқан бірнеше ауылдарды Мырзашөл өңірін иелендіру мақсатында жаңадан құрылған Ленин колхозына көшіріп әкеледі. Ұшы қиыры жоқ шексіз даланы суландыру үшін қазылып жатқан «Киров» (қазіргі – Достық каналы) каналында еңбек етеді. Жиырмадан енді асқан шағында сұрапыл соғыс басталып, 1942 жылы Мақтарал әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. 1943 жылы ақпан айында Сталинград шайқасында сол аяғынан жараланған Едай ақсақал елге қайтады. Өзінің Ленин колхозына келгенде жағдай тіптен мүшкіл еді. Аяқтың жарасы толық жазылмаса да колхозда аянбай еңбек етті. 1950 жылы Зейнегүл анамызбен шаңырақ көтерді. Бата бергенде әрдайым «елдің ішін дау баспасын, елдің шетін жау баспасын» деп отыратын Едай ақсақал 1988 жылы 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

44-017

Бүгінгі таңда Едай ақсақал мен Зейнегүл анамыздан тараған 5 ұл, 5 қыздан 40 немере, 60 шөбере бар. Олардың ортасында Зейнегүл ана болашақ ұрпақтың батагөйі болып отыр.

Едай ақсақалдың жетінші перзенті ішкі қызмет старшинасы Жақсыбай туралы айтар әңгімеге оралсақ. Талай өртті сөндіруге қатысқан, оның түрлі оқиғалар басынан өткені де бар. Өзім куә болған бір оқиғаны айтып берейін. 2000 жылдың 1 қаңтары болатын. Түнгі сағат 03-30 минутта Атакенттегі бір барак үйден өрт шықты. Жетісай қаласынан көмекке шыққан өрт машинасының жылдамдығын 40 км сағаттан асыру тіптен мүмкін емес, жол тайғақ және көк тұман, ара қашықтық 22 шақырым болса да 40 минут дегенде әрең жеттік. Қарауыл бастығы мен жүргізуші Әбубәкіров Жақсыбай Едайұлы, бөлімше командирі Досмағанбетов Абдусамат болатын. Барак үйдің бірінші пәтері 4-бөлмелі, соның кіре беріс екі бөлмесі шатыры мен жаппасы өртеніп жатқан екен. Атакенттегі №21 жеке өрт сөндіру бекетінің бір бөлімшесі мен «Мақтарал» мақта тазалау зауытының бір бөлімшесі өртті сөндіруде екен. Ғимарат ішіне кіру тіптен мүмкін емес, қою түтін. Ол кезде біздің баланс- та Кип, Ап-96, Драгер тыныс алу аппараттары жоқ еді. Көршілердің берген хабарына сүйеніп, өрт ішінде үй егесі мен кеше ғана қыдырып келген қарындасының бар екендігін анықтадық. Содан еденге еңбектей жатып ішке ендік, ешкім дыбысқа жауап бермейді, тыныс алу тіптен мүмкін емес, қайта шықтық, қайта кірдік. Содан 3-ші мәрте кіргенде кіре беріс бөлмеде бұрышта жатқан қарындасының денесін және түпкір бөлмеден үй егесінің жансыз денесін алып шықтық. Өкініштің ащы дәмін сезіндік. Келеңсіз өрт талай жанның өмірін қиғаны анық, соның бірі біз баяндап отырған оқиға еді.

Жақсыбай ағамыз қазіргі таңда «Едай» шаруа қожалығының төрағасы, зайыбы Оразкүл екеуі 3 ұл 2 қыз 2 немере тәрбиелеуде. Зайыбы Оразкүл де он үш жыл Мақтарал ауданындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде диспетчер лауазымында қызмет атқарды. Ол 2012 жылы еселі еңбегінің арқасында ҚР ТЖ министрінің Алғыс хатымен марапатталған.

Ата жолын қуған қазақпыз ғой, олардың перзенті – Жәнібек, келіні – Дана, қос бірдей бауырлары – Марат пен Нұрлыбай бүгінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет саласында еңбек етуде.

Жәнібек Жақсыбайұлы қазіргі таңда Мақтарал ауданындағы №22 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Өртке қарсы қызмет сержанты, зайыбы Дана Маратқызы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің диспетчері, өртке қарсы қызмет сержанты. Жас та болса жоғары білімді Дана Маратқызы 2013 жылы 21 мамырда өткізілген «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауына қатысып мекеме бастығының Алғыс хатымен марапатталған.

Ал Әбубәкіров Марат Едайұлы 1999 жылдан бері №3 МӨСБ-де жүргізуші лауазымында, өртке қарсы қызмет прапорщигі, өртке қарсы қызмет саласындағы мінсіз қызметі үшін ІІ, ІІІ дәрежелі медальдармен марапатталған. Қызметте өзінің тәжірибесімен жас қызметкерлермен әрдайым бөлісуде. Зайыбы Забира екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, қарт анасы қолында қазақ қара шаңырағының түтінін түтетіп отыр.

Едай ақсақалдың қалта түбі кенже баласы Әбубәкіров Нұрлыбай Едайұлы да осы салада 2000 жылдан бері аянбай қызмет етуде. Қызметте жүріп 2008 жылы Сарыағаш ауданы Қызыл әскер елді мекенінде орын алған топан судың зардаптарын жою барысында құтқару жұмыстарына белсене қатысқан. Өртке қарсы қызмет прапорщигі Нұрлыбай Едайұлы өртке қарсы қызмет саласындағы мінсіз қызметі үшін ІІ, ІІІ дәрежелі медальдармен марапатталған. Зайыбы Сапаркүл екеуі 1 ұл 3 қыз тәрбиелеуде.

Бір ғана мақалада Әбубәкіровтер отбасының еселі еңбектерін сыйғызу мүмкін емес, бірақ Кеңес дәуірінде экранға шыққан «Офицеры» көркем фильмнің бір эпизодында «Отанды қорғау деген де мамандық бар» деуші еді ғой. Сол сияқты атасы Едай, әкесі Жақсыбай, баласы Жәнібек – үш буын өкілі де Отан қорғау саласында мінсіз қызмет атқарғандар.

Бахыт ӘБДІМАНАПОВ, 

ОҚО ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Мақтарал ауданындағы №22 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі

«Оңтүстік Рабат», №44, 29.10.2014