«Біз естімеген бір ән, бір күй». Оңтүстікте халқымыздың төл өнерін жаңғыртатын жоба жалғасын тапты. Осыдан 1 жыл бұрын қолға алынған шараны енді облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры сабақтады. Өнерпаздар кеште жаңа туындылармен қатар, ұмытылар шегіне жеткен ән-күйлерді орындады. Оны көпшілікке қойылым арқылы дәріптеді.
Қазақтың төл тұрмысы, ондағы салт-жоралғылар, бойжеткен мен бозбаланың танысуы. Әуезді спектакльде мұның барлығы да ән сайыстар арқылы көрініс тапты. Сахна марқасқасы, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ошат Рахымов ұмытылар шегіне жеткен әндерді бүгінгі тұрмысқа әкелудің жолы бар деп отыр.
Ошат Рахымов, театр әртісі: «Бізге әндерді орындау қиынға түскен жоқ. Қайта көрермендердің әнді білетіндері де, білмейтіндері де қосыла айтып отырды. Негізі, әншілерге қарағанда, әртістердің айтқанын тыңдарман ұғады. Себебі әртіс жай емес, оны жүрекпен, сезініп, түсініп орындайды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді осылай».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Pj2kjza323U[/youtube]
Халқымыздың төл өнерін жаңғыртатын жобаға өнер ұжымы 1,5 ай бойы дайындалған. Өнерпаздар кеште ұмытылуға шақ қалған туындыларды дәріптеді.
Гүлмира Серікбаева, облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры директорының орынбасары: «Біздің ерекшелігіміз — әнді жанды дауыста айтып жатырмыз, ешқандай дауыс қосатын құрылғының көмегінсіз. Әртістер әндерді ойнатып жүріп орындады. Тіпті әннің өзі әртіспен қосылып, әртіс болып кеткен сияқты».
Естімеген әнді тыңдауға келгендердің қатарында жастардың қарасы қалың. Театр ұжымының еткен еңбегіне алғысын білдіріп, керемет кеш сыйлағандарына дән риза.
Меруерт Құрмантаева, көрермен: «Әртістердің бүгінгі шеберлігіне, әнді бізге жеткізгеніне біз тәнті болып отырмыз, алда да біз бұл әндерді үйреніп, қайтадан айтуға қызығушылығымыз оянды. Бұл да болса бұл жобаға деген әртістердің үлкен бір үлесі болды деп ойлаймыз».
Айта кетейік, кеште театр ұжымы бас-аяғы ұмытылуға шақ қалған қазақтың 15 әнін орындады. Олар халық шығармаларын түгендеп, нотаға түсіруге кіріскен. Жуырда аталмыш еңбектер арнайы жинаққа еніп, жұртшылыққа жол тартатын болады.