Болашақ журналистер

45-032

Жас дос, «Отырар» телеарнасындағы «Ата-анасыз бір сағат» бағдарламасы өздеріңмен қайта қауышты. Қыркүйек айында кастинг жарияланып, кішкентай жүргізушілер іріктеліп алынған-ды. Сонымен апта сайын көрермендерге қала көлеміндегі қызықты жаңалықтарды жеткізуге дайын тұратын, болашақ журналистермен таныс бол.

Қарақат Сұлтанмахмұтқызы
Қарақат Сұлтанмахмұтқызы

Қарақат Сұлтанмахмұтқызы – Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы. Алғыр. Зерек. Хорда ән салады. Бос уақытын кітап оқуға арнайды.

Елболат Төлепбергенов
Елболат Төлепбергенов

Елболат Төлепбергенов О. Жандосов атындағы №30 мектептің 5-сынып оқушысы. Үнемі көңілді жүреді. Достары көп. Аптасына бес күн футболға барады. Спорт айдарын жүргізеді.

Азамат Таңжарық
Азамат Таңжарық

Азамат Таңжарық – Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы. Футбол ойнайды. Спортқа жаны жақын. Қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы, математика ең сүйікті пәндері.

Томирис Сейілхан
Томирис Сейілхан

Томирис Сейілхан – Қ. Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы. Өнерге құштар. Ән айтады, би билейді. Сыныптастарының мақтанышы. Күнделігінде кілең 5-тік бағалар.

Мұхтар Серікұлы
Мұхтар Серікұлы

Мұхтар Серікұлы – Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы. Сүйікті ісі – кітап оқу, өлең шығару, футбол ойнау.  Пародия жасағанды ұнатады. Достарын, айналасындағы адамдарды күлкіге қарық қылып жүреді. Болашақта журналист болуды армандайды.

Ақниет Ауданбай
Ақниет Ауданбай

Ақниет Ауданбай – Ә. Бөкейханов атындағы №2 мектептің 5-сынып оқушысы. Көркемсөз оқудан қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Өлеңді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқиды. Сол себепті де Ақниетке сынақтан өту қиынға соқпаған. Бос уақытында ағылшын тілі курсына қатысады.

Жанель Дүйсенхан
Жанель Дүйсенхан

Жанель Дүйсенхан – Лермонтов атындағы №17 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы. Би үйірмесіне барады. Күйсандықта ойнайды. Есептерді шемішкедей шағады. Облыстық, республикалық метаматика сайыстарының жүлдегері. Бауырмал. Кішкентай інілерінің қамқоршысы.

Бұл бағдарлама – болашақ журналистердің алғашқы баспалдағы. Микрофонмен қалай жұмыс істеуді, камера алдында қысылмауды үйренеді. Әр бағдарлама шеберлік сабағы сынды. Айта кетейік, «Ата-анасыз бір сағат» бағдарламасы 2000 жылы республикалық байқауда «Ең үздік балалар бағдарламасы» деп танылған.

Махаббат Әбдешова
Махаббат Әбдешова

Махаббат Әбдешова, «Ата-анасыз бір сағат» бағдарламасының редакторы:

– Біздің кішкентай жүргізушілер Қуыршақ театры мен мұражайларда, аула клубтары мен оқушылар сарайында болып жатқан балалар өміріне қатысты жаңалықтарды қалт жібермейді. Кәсіби мерекелер де назардан тыс қалмайды. «Білімді мыңды жығар», «Шебер қолдар», «Сиқырлы саз» секілді қызықты жаңа айдарлар арқылы балаларға қызықты дүниелер ұсынамыз.

Әр жексенбі сайын сағат 10:30-да «Отырарды» қос, жас дос! Егер қандай да бір себеппен көре алмасаң, бағдарлама дүйсенбі сағат 17:00, сондай-ақ, сенбі сағат 13:00 қайталанады. 

Ұсыныс-пікірлеріңді хатпен жолдасаңдар болады.

Дайындаған – Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014