Бір атанға жүк болар қара топырақ. Ажалға да, тірлікке де бірдей жүкті қара жер өзінде ғұмыр кешіп, уақыты келгенде бақилыққа аттанған пендесін өз қойнына қайта алудан әсте тойынған емес. Газетімізде 2014 жылдың 6 тамыз күні шыққан №32 санында «Жаназаны қалай атқарып жүрміз?» деген тақырыппен осы сауал төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. Бұл жолы сол бір қозғалған тақырыптың аясында ажалдының барар орны қабір, оны қазатын көрқаулар мен жерлеу рәсіміне жұмсалатын шығын мөлшері хақында айтпақпыз.
Бүгінде қалаға қарасты мазараттардың өз сүйекшілері, яғни көр қазушы адамдары да бар. Көр қазушыларды әдетте «көрқау» деп те атайды.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің сөзінше, көрқаулар қабірді қазу кезінде біріншіден дәретті болуы керек. Алкогольді ішімдік ішуге болмайды. Діни сауатты болуы қажет. Әр ретте Аллаға мадақ пайғамбарға салауат айтып, дұғаларды оқып қазуды бастайды. Көрқаулардың діни сауаты діни басқарма тарапынан ара-кідік тексеріліп отырады.
Қаламыздағы мазараттарда көр қазу жұмыстарын жүргізу – көрқаулар әулетінде атадан балаға мұра болып қалған кәсіп ретінде көптеген жылдардан бері жалғасып келеді. Мысалы, Тельман елді мекені аумағындағы зиратта көр қазумен Каримовтар әулеті айналысады екен. Шымкентке 1977 жылы көшіп келген әулеттің ұзақ жылдардан бері айналысатын кәсібі – көр қазу.
Камал Каримовтан сұрастыра келе, білгеніміз: қаладағы бірнеше зираттарға, атап айтқанда Тельман елді мекені аумағындағы зират және «Шымкент-Ташкент» бағытындағы «Қасқа» мұсылман зираты және тағы екі христиан зиратына қарайтын арнайы ғұрыптық жерлеу мекемесі де бар. «Ритуал» ЖШС деп аталатын бұл серіктестік жоғарыда аты аталған зираттардан қабір орнына қажетті жер беру, қоқыстан тазалау, тексіздерді (артында іздеушісі жоқ, үй-жайсыз адамдар) жерлеу істерін жүргізеді.
Бұл зираттарда жерлеу ақысы – 7100 теңге тұрады екен. Қабір қазуға рұқсатты «Ритуал» ЖШС береді. 7100 теңгені серіктестіктің кеңсесіне барып төлеуге, не сол зират басындағы көрқауды алдын-ала хабардар етіп, артынан көрқаудың өзіне беруге болады. Көрқаудың қызмет ақысы, лақатты бекітуге қажетті кірпіш, қабір айналасын қоқыстан тазарту сынды қызмет түрлері осы 7100 теңгенің ішіне кіреді.
Камал Каримов, көрқау:
– Бір қабірді қазуға 4-5 сағат уақыт жұмсалады. Көр қазу ісі көктемде жеңіл болады. Өйткені, жердің топырағы бусанып, жұмсарады. Ал, жаз және қыс маусымында жер қатайып, аязда тоң түсіп, қазу қиындайды. Көр қазған еңбегімізше еш ақы сұрамаймыз. Әркім өз қалағанын беріп кетеді. Кейде ауыл-ауылдардан шақыртулар түседі.
Айта кетейік, облыстық мешітке мәйіт таситын «Toyota Hiace» маркалы автокөлік берілген. Катафалк деп аталатын мұндай көліктің іші мәйіт сақтауға арналып жабдықталған. Салқындатқышы бар. Мәйіт иістенбейді, бұзылмайды. Арнайы табыт қойылған. Үсті жабық. Бұл катафалк көлігі қала ішінде, өңіріміздегі ауыл-ауылдарға, тіпті кейде өзге облыстарға да мәйітті жеткізеді. Катафалктің қызметін пайдалану үшін облыстық мешіттің іс басқарушысына хабарласу керек. Катафалк қажет болатын күннен бір күн бұрын хабарлап айтқан жөн. Өйткені, дәл мәйітті шығаратын күні катафалк бос емес болып қалуы да мүмкін. Басқа шақыртулармен өзге жақтарда жүріп қалады. Катафалктың қызметін пайдалануда автокөліктің барып-келу жол қашықтығына қарай 7 000 — 10 000 теңге аралығында ақы төленеді.
ҚМДБ бекіткен пәтуаға сәйкес, мәйітті үйде бір күннен артық ұстауға болмайды. Кей аймақтарда ғұрыпқа сәйкес үш күнге дейін сақтайды. Бірақ, мұның бәрі қазір жойылып жатыр. Оңтүстік өңірде бір күн ұстайды. Алыстағы ағайын-туыс, балаларының келуін күтеді. Онда да мүмкіндікке қарай жасалады. Ауа температурасы жоғары, жаздың шіліңгір ыстық күндерінде мәйіт қойылған бөлмені мейлінше салқындатып, мәйіт айналасына мұз қойып, бұзылмайтындай, иістенбейтіндей жағдайлар жасалғанда ғана бір күнге сақтауға рұқсат беріледі.
Сондай-ақ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша ауа райы суық, не ыстық күні қабір басында ұзақ сүрелер оқымаған дұрыс. Өйткені көпшіліктің арасында қыстанып, не сырқаттанып тұрған адамдар болуы мүмкін. Сондай жағдайда қысқа сүре оқыған абзал. Жеке өздері, екі-үш адам болып қабір басына барғанда ұзақ сүрелерді оқи беруге болады. Сондықтан ауа райының құбылмалығын мәйіттің көзі тірісіндегі мінез-құлқымен шатастыруға болмайды. Бұлай істеу арқылы, күнәһар боламыз. Егер сол сәтте қар-жаңбыр жауып жатқан болса, онда «Раббым Алла, осы жаңбыр, осы қар қайырлы болсын! Нәрлі болсын! ИншАлла, берекелі болсын!» деп іштей тілек етуіміз керек.
Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары:
– Ауа райының құбылмалығы, көр қазғанда жердің қатты, не жұмсақ болуы мәйітке ешқандай қатысы жоқ. Бұл оның амалында. Ал, біз оның амалын, өмірдегі сауапты істерін тексере алмаймыз. Таразыға сала алмаймыз. Мұны тек бір Алла ғана біледі. Сондықтан жерлеу күні ауа райы бұзылып, жаңбыр жауып, күн суытып, не қатты ыстық болып кетсе, оны «пәленше андай екен, мұндай екен» деп айтуға біздің қақымыз жоқ. Бұл — Алла Тағаланың бізге берген күндерінің бірі.
Орта есеппен алғанда, мәйітті орауға қажет 25 метр ақ сұрып матаның бағасы 3 мың теңге тұрады. Жоғарыда аты аталған зираттардан қабір орнын алу – 7 100 теңге болса, бұған мәйітті үйден алып, зиратқа жеткізетін көлікті жалға алу құнын (шамамен алғанда 5 мың теңге болады) қосыңыз. Одан бөлек, белгіленген 7 100 теңгенің үстінде мұсылман кісілердің қабірді қазушыларға деп беретін ақшасы бар. Көрқаулар еңбегі үшін ақы сұрамайды. Өйткені, 7 100 теңгеден көрқауларға ақы төленеді. Бірақ, қайтыс болған кісінің туыстары мұсылмандық реті деп көрқауларға еңбегі үшін ақы береді. Бұл сыйақының шамасы 5-10 мың теңге аралығында. Демек, біздің Оңтүстік өңірде жерлеу ісіне 20 мың теңгенің айналасында қаржы жұмсалады деген сөз. Бұл – жаназа кезіндегі дастархан жаю, тамақ мәселесін қоспағандағы шығындар.
Үй-жайы, артында іздеушісі жоқ кісілер көз жұмғанда оларды жерлеу рәсіміне мешіттен көмек беріліп жатады.
Бүгінде қала аумағына қосылған елді мекендер санының есебінен ендігіде қалаға қарасты мазараттар саны да артып отыр. Келесі 2015 жылдан бастап қала аумағындағы барлық мазараттар біріздендіріледі екен. Қазір мазараттарды тізімге алу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, бейіттерді күтіп-баптау, жерлеу жұмыстары бір орталықтан қадағалауға алынып, басқарылады деген сөз.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014