Отандық электр энергетикасының жаңа дәуірі басталды. Кентау трансформатор зауыты қуаты жоғары, яғни, 63 мың киловольтты электр құрылғысын дайындап шығарды. Бір мезетте бүтін ауданды жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы трансформатордың барлық жинақтауыш бөлшектері зауыттың өз өндірісінен өткен.

Осылайша отандық өндіріс тарихында жаңа белесті бастап берген зауытқа 55 жыл толды. Мерейлі дата аясында халықаралық конференция ұйымдастырылды. Сала мамандары индустриялық-инновациялық даму мемлекетттік бағдарламасы шеңберінде электр жабдықтарын өндіруді дамыту келешегі тақырыбын талқыға салды.

vlcsnap-2014-11-11-15h09m58s211

Еліміз трансформатор жасау саласында жаңа белесті бағындырды. Кентау трансформатор зауыты тұңғыш рет салмағы 110 тонна, кернеуі 110 киловатт, қуаты 63 мың киловатампер электрлі машиналардың сериялы өндірісін жолға салды. Зауыт үшін мүлде жаңа бұйым өзінің көлемімен таң қалдырды. Қаланың барлық шағынаудандарын электрмен қамтамасыз ете алатын алып трансформаторды жасап шығарған өндіріс орны жас мамандарды да өздерінде даярлайды. Зауыттың еншісіндегі политехникалық колледждің студенттері дуалды оқыту жүйесі арқылы практикаға көптеп қатыстырылады.

Серік Айтөреев, Кентау политехникалық колледжінің директоры: «Жастар практикада үйренгеннен кейін жаз кезінде екі ай демалыста осында жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Оған 35-50 мың теңге аралығында айлық төленеді. Тек қана зауытта емес, компанияның кез келген тұсына студенттерді әдіс алмасуға жіберіп жатырмыз.»

Кәсіпорын 1959 жылдан бері тоқтаусыз трансформатор жабдықтарын шығарып келеді. Зауыттың жаңа тарихы 1997 жылы «Алагеум электрик» холдингтік компаниясымен тікелей байланысты. Осы жылдар аралығында әлемдік деңгейдегі жаңа кәсіпорынға айналып үлгерді. Бүгінде зауыт Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы машина жасаушы көшбасшы. Қазіргі таңда 400-ден аса түрлі трансформатор шығаратын зауыттың жаңашылдығын халық қалаулылары да қолдап отыр. Олар Қазақстандық өнімнің өзге елді бағындыратын кезі келгендігін алға тартуда.

Азат Перуашев,ҚР Парламент мәжілісінің депутаты: «Бұрын ресейліктер Украина, Белорусия сияқты елдің техникасын алып келген. Қазіргі кезде Қазақстаннан алуға мүдделі болып отыр. Бұл – зауытқа да, компанияға да өте жақсы мүмкіндік.»

Зауыт өзінің мерейтойына керемет сый жасап, жаңа өнімін халықаралық конференция барысында көпшілікке таныстырды. Кентау трансформатор зауытының 55 жылдығына жиналғандар индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде электр жабдықтарын өндіруді дамытуды талқылады. Кентау трансформатор зауытын өзгелерге үлгі етіп, жеткен жетістігін саралады. Елімізде электр энергетикасы саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпорынға мемлекеттік бағдарламаның шапағаты тиген. Зауыт қаржылай қолдау алып, толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Еркебұлан Әбдікәрімов, Индустрия және даму министрлігінің басқарма төрағасы: «Кентау трансформатор зауыты қазіргі таңда ішкі нарықты толық қамтып, экспортқа шығарып жатыр. Өнімнің 70 пайызы ішке жұмсап жатса, 30 пайызын сыртқа жұмсап жатыр. Яғни Кентау зауытының қуаттылығы бүкіл Қазақстанды қамтуға жетеді».

Зауыт бүгінгі таңда инновациялар локомотиві секілді. Көлемді арттыру және бұйымдардың жаңа түрлерін игеру қажеттіліктеріне қарай жаңа цехтар салып, мүмкіндіктерін арттыруда. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік әріптестер де кәсіпорынның болашағы кемел екенін мойындады.