Оңтүстік биыл 250 млн. доллардың өнімін экспортқа шығарды

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары ерледі. Жыл басында ауа райы қолайсыз болып, су тапшылығы орын алғанын жер емген жерлестер жақсы біледі. Соның өзінде күндіз-түні тер төккен тірлік тындырымды болды. Оның нәтижесі «Алтын-күз» мерекесінде айтылды.

001

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 288 миллиард теңгені құраған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеге артық екен. Бұл — 10 айдағы көрсеткіш. Әсіресе, мал шаруашылығында, қайта өңдеу, көкөніс, жеміс-жидек өсіру — барлық бағытта 10 пайызға дейін ұлғаю байқалады.

Осыдан бірер сағат бұрын Шымкенттегі көрме залында ауылшаруашылығы саласының үздіктері марапатталды. «Алтын күз» мерекесіне Оңтүстіктің аудан-қалаларынан мыңнан астам еңбеккерлер жиналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, біздің өңір сала өнімдерімен облыс халқын толық қамтып отыр. Тіпті, құны 250 миллион долларды құрайтын өнімдер экспортқа шығарылыпты биылғы 10 айда. Облыстан негізінен картоп, көкөніс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнімдері, өсімдік майы, құс еті және мақта талшықтары экспортқа шығарылады.

Экономиканың күре тамыры саналатын бұл саланың үздіктерін, мал мен астық, азық пен көкөністі молынан жинап, басын көбейткендерді бүгін облыс әкімдігі арнайы марапаттады.