Шымкенттің полицейлері 21 жастағы автокөлік ұрысын ұстады. Қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөліміне жарты жыл ішінде қала тұрғындарынан оннан астам арыздар келіп түскен. Арызданушы азаматтар олардың көліктерін белгісіз тұлғалар айдап кеткені туралы хабарлаған.
Соңғы арыздардың бірі ағымдағы жылдың тамыз айының соңында келіп түсті. 57 жастағы жәбірленуші құны жарты миллиондық ВАЗ-2016 маркалы автокөлігін үйінің ауласынан белгісіз тұлғалар айдап кеткенін айтты. Аталған автокөлік біраз уақыттан соң қала көшелерінің бірінде табылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай полиция бөлімінің ізкесушілері күдікті ретінде 1993 жылы туылған жергілікті тұрғынды ұстады. Ол бұрын сотты болған. Қазір сезікті өз кінәсін мойындап отыр.
Тергеушілер ұсталған жігіттің осындай 10 қылмысқа қатысы барын анықтады. Күдікті қамауға алынып, оның үстінен Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 185-бабына сәйкес «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жалғасуда.
Жалпы, биылдың 10 айы ішінде Оңтүстіктің полиция қызметкерлері 120-дан астам автокөлікті айдап кету фактісін, автокөліктердің ішінен ұрлаудың 30 жоғары дәйегін ашты. Тәртіп сақшылары 3 қылмыстық топты жойып, автокөліктерді айдап кету мен автокөліктер ішінен жасалған ұрлықтарға қатысы бар 5 күдіктіні құрықтады.
Оңтүстік Қазақстан полицейлері облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына автокөліктерін үй аулаларына, гараждарға, автотұрақтарда қалдырған кезде қырағылық танытуына кеңес береді. Сондай-ақ, автокөлікті қараусыз қалдырмауға, қараңғы жерлерде ұзақ уақытқа тұраққа қоймауға, құжаттар мен құнды заттарды автокөлік ішінде сақтамауға кеңес береді.
Көліктен аз уақытқа шықсаңыз да есіктерін, терезелерін, жүксалғышты ашық, кілтті тұтандыру тетігінде қалдырмаңыз. Мүмкіндігінше автокөлігіңізді сақтандырып, айдап кетуге қарсы жүйені орнатыңыз. Егер автокөлікті айдап кету қылмысының куәгері болсаңыз немесе сізідң көліңізді белгісіз біреу айдап кетсе, тез арада полицияға хабарлаңыз.