Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Ордабасы ауданында екі есірткі сатушыны қолға түсірді. 18-қараша күні есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасының мамандарымен біріге отырып, жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылындағы көшелердің бірінен 1975 жылы туылған жергілікті тұрғынды ұстайды. Оған есірткі сатты деген айып тағылып отыр.
Тінту кезінде тәртіп сақшылары сезіктіден көкнәрға затына ұқсас, газетке оралған бірнеше есірткі өсімдігі мен 1 мың теңге ақша тауып алады. Сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысы бойынша тәркіленген есірткінің салмағы 30 граммнан астам көкнәр екені анықталды.
Тергеушілердің сұрағына 39 жастағы азамат есірткіні сол ауылда тұратын өзінің бір танысынан 5 мың теңгеге сатып алғанын айтады. Сол күні жедел уәкілдер Ордабасы ауданының 38 жастағыі тұрғынын ұстап, оның киімінің қалтасынан газетке оралған екі түйіншек тапты. Оның ішінде көкнәр мен 5 мың теңге шықты.
Одан ары тексеру кезінде күдіктінің үйінің әр жерінен 23 түйіншек табылды. Оның ішінде қара-жасыл түсті, иісі есірткі затына ұқсас ұнтақ табылған.
Сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысы бойынша бұл есірткі затының жалпы салмағы 200 грамнан асатыны анықталды.
Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 259-бабы — «Есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу ісі жүргізілуде.