Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында ірі жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 3 адам қаза тапты. 3-қараша күні кешкі сағат 21:30 шамасында Сарыағаш ауданы арқылы өтетін Шымкент-Жетісай тасжолының 193-шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды. Мұнда 32 жастағы жергілікті тұрғын басқарған «Мерседес Бенц Е-260» автокөлігі Жетісай бағытына кетіп бара жатып, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен.

003

Жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, өз жолында кетіп бара жатқан «Урал 555» маркалы жүк көлігіне соқтығысады. Жүк көлігінің рөлінде Алматы облысының 45 жастағы тұрғыны болған.

Жол апатының кесірінен «Мерседес Бенц» автокөлігінің жүргізушісі мен сол көлікте отырған екі жолаушы оқиға орнында мерт болды. Олар Сарыағаш ауданының тұрғындары – 31 жастағы жігіт пен 23 жастағы қыз болатын.

Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 296-бабы – «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істі Сарыағаш АІІБ-нің анықтау басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр.