Сарыағаш ауданындағы Әліби Жанкелдин атындағы мектепте білім алатын сегізінші сынып оқушысы абайсызда мылтықпен атылып өлді. Қайғылы оқиға «Бірлік» ауылында болған.
Сол күні аталмыш мектептің жатақханасында жатып, білім алатын оқушы досының үйіне қонаққа барған. Үйде досының ата-анасы болмапты. Осыны пайдаланған екі жасөспірім бөлмедегі сандықтың астында жатқан қос ауыз мылтықты көріп қалады.
Суық қаруға қатты қызыққан 8 сынып оқушысы оны ары-бері аударыстап көреді. Бір кезде мылтықтың ұңғысын бетіне қаратып отырғанда абайсызда шүріппені басып жіберген. Дәл басынан жараланған бала оқиға орнында жан тапсырды.
Қазір осы іс бойынша аудандық ішкі істер бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде. Ал прокуратураның анықтауынша, үйде сақтаулы тұрған қару еш жерде тіркелмеген көрінеді.
Қайрат Мұратов, Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары: «Қаруды ол азамат өзінің үйінде сандығында заңмен белгіленген ережелерді бұза отырып сақтаған. Сондықтан бүгінгі таңда ол азаматқа қатысты ҚР ҚК 253-бабымен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр».