Шаруа біріксе, берекесі кіреді

Қауымдаса, бірлесе тірлік жасау – нарық талабы. Осы орайда ауылдың үлкен-кішісі өз ұсыныстарын еркін айта алатын және де қабылданған шешімді бірлесе атқаруға құмбыл кірісе алатын СТК-ның орны айрықша.

Дегенмен, Бәйдібек ауданының кәсіпкерлері СТК-ны тек ауылды көркейту, көріктендіру жұмыстарына ғана емес, ауылшаруашылығы, өнеркәсіптік тұрғыда пайдалану жолдарын іздеп, оның ауқымын кеңейтудің тиімділігін қарастырып жатыр. Шындығында бұл құрылым заңдық тұрғыда да шеткі аймақтардағы күрмеуі қиын мәселелерді шешуге лайық. Тек, іс тетігін таба білу оның оңтайлы орайын келтіреді.

47-018

Осыған орай Ақбастау ауылында «Ақбастау-2050» деп аталатын азаматтардың және заңды тұлғалардың өз мүшелерінің мүліктік (пайлық) жарналарын біріктіру арқылы материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн жүзеге асырылатын мүшелiк негiздегi ерiктi бiрлестiгi құрылды. Бірлестікті ұйымдастырған – осыған дейін «Сіргелі агро» ЖШС-нің директоры болып, егін егіп, мал өсірумен айналысқан, белгілі кәсіпкер Берік Жұманов. Селолық тұтыну кооперативінің негізгі мақсаты — мал бордақылаумен айналысып, жалпы ет өндірісін жолға қою.

Қандай да істі болмасын үйіріп әкететін іскер азамат Берік Дүйсенұлы шағын шаруашылықты кеңейтуді біраздан бері ойлап жүрген болатын. Алғашында өзіне тиесілі егістігіне егін егіп, қолдағы азын-аулақ малын баққаннан бірқалыпты тіршілігі дүрілдеп кетпесін жақсы түсінген болуы керек. Бір ғана Қарабұлақ ауылынан сонау Алматы, Астанаға ет тасымалданып жатқаны оған үлкен ой салды. Оның үстіне мемлекет тарапынан ауылшаруашылығына, оның ішінде ет өндірісін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғаны оны жаңа жоспар құруға итермеледі.

Бірлестік құрылғаннан соң СТК төрағасы Берік Жұманов Алматы қаласындағы кәсіпкерлермен келісім-шарт түзіп, тонналап ет жеткізуге уағдаласады. Дегенмен қанша әрекеттенсе де үлкен көлемдегі сұранысты бір өзі қанағаттандыра алмасы белгілі. Сондықтан аудандағы мал бордақылаумен айналысатын шаруалармен келісім-шартқа тұра бастайды. Қазіргі таңда әр округтен СТК-ның құрылтайшысы болып 10 шаруашылық тіркеліп, осы шаруашылықтарда 355 ірі қара мал бордақылануда. Бұларда малды күтіп-баптауға 142 тонна сояулы мал азығы, 87 тонна сабан, 53 тонна бидай, 55 тонна арпа жиналып, жем-шөп қоры жасақталып та қойған. Одан бөлек СТК 61 жеке тұлғамен де келісім-шартқа тұрды. Олардың иелігінде 956 бас ірі қара мал бордақылануда. Енді осы жылдың желтоқсан айынан келесі жылдың сәуір айына дейін мал қабылдаудың кестесі түзіліп, жеке тұлғалардан желтоқсаннан наурыз айына дейін әр ай сайын 150 бас ірі қара (30 тонна) етке өткізіліп тұратын болды. СТК желтоқсан айынан бастап толық қуатта жұмыс істегенде мұнда 8 адам (1 директор, 1 лаборант, 1 малшы, 4 қасапшы, 1 жүргізуші) тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

47-017

Қазіргі таңда СТК-ның ережесі жасалынып, онда жұмыс жүргізудің бүкіл жүйесі қамтылып отыр. Өзінің жарғысында құрылтайшылар және мүшелермен қалай жұмыс істеу қажеттігі тайға таңба басқандай айқын жазылған. Ондағы СТК-ның негізгі міндеттеріне ет өткізген адамға қолма-қол ақша төлеу, өткізетін адамның малын қорасынан тегін алып келу және мүшелердің мал бордақылауға қажетті жем-шөбіне жәрдемдесу кіреді. Мұндағы мал сою орны талапқа сай соғылып, құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек 80 бас ірі қара мен жылқыға және 200 бас уақ малға арналған бордақылау алаңдары сақадай сай.

Бірігіп жұмыс істеу көлемді әрі тиімді. Қаржыландыру оңтайлы және жүйелі болу үшін бірігу – бүгінгі таңдағы қажеттілік. Үлкен шаруашылық үлкен жұмыс тындырады. Кооперативке біріккен тұста шаруа қожалықтарының дербестігі өзінде қалады, малына, жеріне, тракторына, есеп шотына, үйіне, қорасына, құдығына ешкім соқтықпайды. Шаруаның басты қаупі осы ғана. Бірігер алдындағы құрылтай жиналысында басын ашып алатын нәрсе – осы. Ірілендірген кооперативтер аграрлық несиелерді, мал шаруашылығы өнімдеріне, мал азығын дайындауға берілетін субсидияларды оңай алады. Расында, ауыл шаруашылығы жұмысында шыңдалған, есепті де білетін кадрлардың қажеттілігі, олардың басын қоса білсе, елге пайдалы шаруалармен шұғылдану мүмкіндігі артары сөзсіз. Олармен мемлекеттік органдар санасады, есебіне сенеді. Қысқасы, шаруа қожалықтарының келешегі іріленуде, бірігуде екені айтпаса да түсінікті.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ

«Оңтүстік Рабат», №47, 19.11.2014