Шахматшы қызды әкім ақыры қабылдады

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Шымкенттегі Л.Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған спорт мектебінің шәкірті Гүлмира Дәулетова Шымкент қаласы әкімі мен қалалық мәслихаттың грамотасымен марапатталды.

Гүлмира Дәулетова жаздың соңында Норвегияның Тромс қаласында өткен олимпиадада қола жүлдеге ие болған шымкенттік шахматшы. Жерлесімізді жеңісімен құттықтау мақсатында онымен әңгімелесіп, сұхбат жарияланған да болатын. Әңгіме барысында спортшы қыз жергілікті билікке деген өкпе-ренішін білдірген еді.

45-002

«Мені қала әкімі арнайы қабылдайтын болған. Бірақ, ешкім қабылдамады, шақырмады да. Өзге шахматшыларды жерлестері қолпаштап жатқанда көңіліңе қаяу түседі екен. Мен көлік немесе үй сұрап отырғаным жоқ, тек адамда көңіл деген болады ғой» деген еді.

Спортшының бұл реніші биліктің құлағына жеткен болуы керек. Оған құрмет көрсетілді. Грамота берілді. Алайда биліктегілер әдеттегідей спорттық додаларда жүлдемен келгендерге көлік мінгізіп, қаржылай сыйлық табыстаған жоқ.

Айта кетейік, Норвегияда шахматтан өткен олимпиада ұлттық құрама үшін өте табысты болды. Әлемнің 177 мемлекетінің шахматшылары бақ сынасқан олимпиадада жалпы командалық есеп бойынша қазақстандық шахматшылар 6-шы орынға тұрақтаған. Сөйтіп қазақ қыздары АҚШ, Франция, Испания секілді спорты мықты дамыған елдерді артта қалдырған болатын.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014