Шымкент әуежайына Эбола ауруына шалдыққан азамат жеткізілді. Науқасты оқыс оқиғадан хабар алған санитар мамандар және төтенше жағдай қызметкерлері арнайы күтіп алды. Бұл – әуежайда қауіпті дертке байланысты өткізілген жаттығудың жоспары ғана.

005

Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, ұшақтың бортындағы бір азаматша Эбола індетіне шалдығуы мүмкін деген күдік бар. Тіпті науқастан дене қызуы, әлсіреу сынды алғашқы белгілер де байқалады. Ең бастысы – індетке шалдығуы мүмкін деген азаматша қауіпті аймақтан келген екен. Сондықтан науқасты арнайы санитарлық аймақта ұстап, қауіпсіздік сақтау үшін күзет те қойылған.

Жұмағали Медетов, ОҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары: «Әуежайдағы санитарлы-карантинді пункте жолаушылардың барлығы қатаң тексеруден өткізіледі. Бортқа бірінші болып фельдшер мен санитарлы-өткізу пунктінің маманы көтеріледі.»

[youtube]http://youtu.be/3VF5XziOJxU[/youtube]

Бұл жұмыстарға арнайы қорғаныш киімдері бар эпидемиялогиялық мамандар да кірісті. Олар Эбола ауруына шалдығуы мүмкін деген азаматшаны жедел жәрдем қызметінің көлікке мінгізді. Науқаспен байланыста болған барлық азаматтар арнайы бақылау бөліміне жіберілді.

Батырғали Сапбеков, облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары: «Негізгі мақсат – ауру адам келгенде онымен күресу жолдарын көрсете отырып, бәріне дайын болу.»

[youtube]http://youtu.be/8FEh6DweY64[/youtube]

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, дәл қазіргі таңда әлем бойынша 14 мың адам Эбола дертін жұқтырған.