Шымкентте қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Қолынан балы тамған өнер иелері өздерінің еңбектерін таныстырып, көпке ұсынды. Келушілердің де қарасы қалың болды. Ең бастысы, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдардың бағасы қолжетімді етіп ұсынылды.
Алена Перепелицина жәрмеңеке қуыршақтар жасап әкеліпті. Бойжеткеннің айтуынша, шаруаға осы жылдың сәуір айынан бастап кіріскен. Бүгінге дейін 6 қуыршақ жасаған Алена бұйымға қажетті керек-жарақты Мәскеуден алдырады екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JKIihSxhda0[/youtube]
Алена Перепелицина, қолөнерші: «Қуыршақ жасау оңай емес, қиын. Бірақ бұл — менің бала күнгі арманым. Қуыршаққа деген қызығушылығымнан осындай ойыншықтар жасадым. Жәрмеңкеге келгендер бағасын сұрап жатыр. Әрбір қуыршақты жасауға бірнеше ай уақыт кететіндіктен, оның бағасы да соған сай. 30 мың мен 130 мың теңге аралығында.»
Ыдыс-аяқтар, сусабындар, мың көркем үй жабдықтары, көздің жауын алар әшекей бұйымдары. Мұның барлығы да жәрмеңкенің төрінен орын алды.
Бақытжан Нұрбеков, қала тұрғыны: «Жәрмеңкеге жыл сайын келемін, биылғы өнімдер керемет. Үйге қажетті бұйымдардың бәрі бар. Мен туыстарыма сыйлықтар алдым.»
Қолөнер жәрмеңкесі Шымкентте 2004 жылдан бері қолға алынған. Содан бері көптің сұранысымен өтіп келеді. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, мұндағының барлығы да қолдан жасалған. Және бағасы да қолжетімді.
Светлана Анекеева, ұйымдастырушы: «Жыл сайын осы қараша айында жәрмеңкені қолға аламыз. Себебі, бұл — халықтың еңбектен қол үзбегенін көрсетеді. Еңбекқорлыққа баулиды. Шеберлердің де таңғажайып дүниелерін таныстырады. Тіпті оларға мол мүмкіндік те сыйлайды. Мұндағы әрбір зат, ол әшекей немесе қуыршақ болсын, барлығы — сапасымен ерекшеленеді.»
Айта кетейік, жәрмеңкеде 5000-нан астам қолөнер бұйымдары ұсынылды.