Шымкенттік режиссер ананың алдындағы борыштың өтелмейтінін тағы да дәлелдеді. Серік Талас қоғам шындығы көрініс тапқан қысқа метраждыфильм түсіріп, көпшілік назарына ұсынды. Кинотуындының басты кейіпкерлері — анасы мен баласы және айрандай ұйыған отбасының арасына жік салып жүретін өзімшіл келіні. Небәрі 20 минуттық еңбекті тамашалаған көрермендер өмірден алынған шытырманды мойындап, еріксіз көздеріне жас алды. «Өтелмес борыш» туындысының тұсаукесер рәсіміне біз де қатысып қайттық.
Режиссердің қойылымы бойынша, анасы алып қаладағы банктердің бірінде басшылық қызмет атқаратын ұлының 40 жасқа толған мерейтойына ауылдан ат арылтып жетеді. Бірақ ененің бұл келуі өзімшіл келінге жақпайды. Оның мерекеге қатысқанын да қаламайды. Сол арада ол күйеуіне анасының кейпі жоғары санатты қонақтардың алдында ыңғайсыздық туындайтынын айтып, тойдан шеттетеді.
Пайдакүнем, өзімшілдігі басым, адамшылдықтан ада келінді әртіс Ақмарал Жақсыбайқызы шебер сомдады.
Ақмарал Жақсыбайқызы, әртіс: «Бұл рөлдің менің жеке басыма ешқандай қатысы да, ұқсастығы да жоқ. Менің мінезім де ондай емес, әрдайым «Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет» деген қазақтың қанатты сөзін ұстанамын. Балажан, мейірімдімін, қарияларды көрсем сәлемдесіп, көмегімді аямаймын. Мен әртіс болғаннан кейін әрбір рөлді шебер сомдау міндетім деп білемін. Мұны орындау үшін тырысып бақтым. Бағасын көрермен қауым бере жатар».
Киноның басым түсірілімі Шымкентте өрбіген. Басты рөлдерді Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры мен әзіл-сықақ театрының әртістері ойнады. Қысқаметражды фильмнің тұщымды шығуында кішкентай бүлдіршін-әртістердің де еңбегі ерек. Ал фильмді түсіруге 1 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Еңбектің режиссері Серік Талас, мұндай теңгеге сапалы дүниені жасау екіталай екенін мойындады.
Серік Талас, «Өтелмес борыш» фильмінің режиссері: «Түсірілім кезінде қиыншылықтар көп кездесті. Ең бірінші, қаржы жағынан қатты қиналдық. Енді, Құдай қаласа, жақсы кісілермен таныстым. Демеуші боламыз деп ниет білдіруде. Алда 1,5 сағаттық кино түсіруді жоспарлап отырмыз».
«Өтелмес борыш» фильміндегі оқиға, өмір шындығы мен әсер, кейіпкерлердің жүрегіндегі риясыз сезім залдағы көрерменді де бей-жай қалдырмады. Көпшілік көздеріне еріксіз жас алды. Премьералық киноадан кейін режиссер көрерменнің алғысын арқалап, бірге суретке түсті. Ал өнерсүйер қауым мұндай әсерлі отандық киноны көрмегендеріне талай болғанын жасырмады.
Дәрина Ділдәбекова, көрермен: «Өте қуаныштымын. Керемет туынды. Отбасымызбен келген едік, барлығымыз тәнті болып отырмыз. Шымкентте де осындай кино түсіруге болатынына көзіміз жетті. Серік Таласқа шығармашылық табыс тілейміз!»
Құпия Рахымберді, көрермен: «Әртістердің барлығы да тамаша ойнаған. Әсіресе, кішкентай балалар. Олар да киноның кәсіби шығуына үлес қосқан. Режиссерге де, әртістерге де үлкен алғысымды білдіремін. Өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор бұл фильмнің».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5yuAUrtclW4[/youtube]
Жуырда «Өтелмес борыш» фильмі республикалық арналар мен кинотеатрларда көпшілік назарына ұсынылатын болады.