«Шымкент инновация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Созақ ауданындағы кәсіпкерлермен кездесіп, семинар-тренингтер өткізді. Мақсат — тың бастамаларға жол ашатын мемлекеттік қолдауларға қол жеткізудің жолдарын үйрету. Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының аймақтық технобағы, әділет департаментінің қызметкерлері және де Қазагрофинанс пен ұлттық зияткерлік меншік институтының облысымыздағы филиалы өкілдері қатысты.
Созақтық шаруа Торлан Қожатаев 3 жылдан бері мал бордақылаумен айнасады. Әуелде 100 бастан басталған ұсақ мал саны бүгінде мыңнан асып жығылады. Ендігі мақсаты- еділбай, қаракөл тұқымдарын көбейту.
«Шымкент инновация» ЖШС мамандарының аудандарға жасаған іс-сапарының мақсаты — шалғайдағы шаруаларға көмек қолын созып, ауылдық кәсіпкерлердің инновациялық білімін арттыру. Мемлекеттік қолдауларға жол ашуды көздейтін бастамашыл тың идеяларды қарастыруға да әзір.
Бұл өңір негізінен мал шаруашылығы мен егіншілікке жайлы саналады. Ауданның іскер азаматтары бүгінде тамшылатып суару әдісінің де шарапатын көруде. Жел өтінде орналасқан өңірдің баламалы электр қуатын өндіруге де әлеуеті зор. Осынау иновациялық идея қолға алынса, мемлекет тарапынан көмек те көп.